Алматы облысындағы егіс алқабынан 1,5 миллион тоннадан астам өнім жиналды

Алматы облысындағы егіс алқабынан 1,5 миллион тоннадан астам өнім жиналды

17.09.2026 09:51:53 345

Алматы облысында күзгі жиын-терім науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 440 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бүгінде шаруалар оның 334 мың гектарын орып, өнімін жинап үлгерді. Қажырлы еңбектің арқасында қамбаға 1,5 миллион тоннадан астам сапалы өнім түсті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жоспардың 60%-дан астамы орындалды. Оның ішінде, арпа алқабындағы қызу жұмыс толығымен тәмамдалып, 152 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бидай мен сұлы дақылын жинау аяқталуға жақын болса, жүгері мен күріш өнімін жию енді басталды. Биыл 5,2 мың гектар жерден 22,2 мың тонна күріш алу жоспарланып отыр.

Майлы дақылдардың 32,5 мың тоннасы жиналып, егістіктегі қарқынды жұмыс жалғасуда. Ал бақша дақылдары бойынша 73,7 мың тонна өнім алынып, жұмыстар толығымен аяқталды. Сонымен қатар қысқы мал азығы үшін 765 мың тоннадан астам өнім дайындалды.

Ал көкөніс, оның ішінде картоп алқабындағы қарбалас тірлік әлі толастаған жоқ. Дала төсінде техника үні дамылдамай, шаруалар атыраптағы өнімді шашау шығармай жинап алуға бар күшін салып жатыр. Мәселен, Райымбек ауданындағы «Алтын дән-1» өндірістік кооперативі «PepsiCo» компаниясымен жасалған келісімшарт негізінде чипсы дайындауға арналған картопты өндіріске жөнелтуді бастады. Демек жергілікті өнімнен әзірленген қытырлақ тіскебасардан дәм тататын күн де алыс емес. Бұл – шаруалардың тынымсыз еңбегі мен су үнемдеу технологиясын тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі.

«Биыл 200 гектар жерге картоп ектік. Оның 160 гектары чипсы шығаратын өндіріске бағытталды. Ал қалған 40 гектары тұқым өсіруге арналған. Қазіргі таңда «PepsiCo» компаниясына 20 тонна алғашқы өнімімізді жібердік. Енді әр екі күн сайын картоп толы екі жүк көлігі кәсіпорынға жол тартады. Келісімшарт бойынша жалпы 3 000 тонна картоп тапсыруымыз керек. Жұмысты енді бастап жатырмыз. Әлі 2 900 тоннадан астам өнім жібереміз. Картоп жинау шамамен бір жарым айға, яғни қазан айының ортасына дейін жалғасады. Өнімділік әр гектарына шамамен 20 тоннадан айналып жатыр. Биыл құрғақшылық болғанына қарамастан, жаңбырлатып суғару жүйесін орнатып, су тапшылығын сезінген жоқпыз. Өнім көңілдегідей жақсы шықты», – деді «Алтын дән-1» кооперативінің төрағасы Дулат Құлмамыров.

Картоптың отаны саналатын Райымбек ауданында биыл 2400 гектар алқапқа өнім егілген. Шаруалар күн суытып, қар түспей картопты жинап үлгереміз дейді. Ол үшін қажетті техника мен жанар-жағармай қоры жеткілікті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1293163?lang=ru