Найробиде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Найробиде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

17.09.2026 21:03:18 367

2026 жылғы 17 қыркүйекте Найроби қаласында Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі Барлыбай Садықовтың Кенияның Инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрлігінің Сауда мәселелері жөніндегі министрінің орынбасары (Бас хатшысы) Регина Акот Омбаммен кездесуі өтті.

Кездесу барысында ағымдағы жылғы 19–20 мамырда Кения Республикасының Президенті Уильям Рутоның Қазақстанға екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы алғашқы мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру жөніндегі практикалық шаралар талқыланды. Сапар аясында сауда, инвестициялар, көлік, қаржы және басқа да салаларды қамтитын 10 екіжақты құжатқа қол қойылды.

Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайтудың, жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтудің, көлік-логистикалық байланыстарды дамытудың және нақты бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Кения шайы мен кофесіне арналған Орталық Азиядағы дистрибуциялық хабты Қазақстанда құруға, инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде минералды тыңайтқыштар мен күнбағыс майын өндіру салаларындағы жобаларды дамытуға, сондай-ақ Кения гүлдерінің жеткізілімдерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, Момбаса портын және Найробидегі ішкі контейнерлік терминалды тиімді пайдалану, теміржол және әуе жүк тасымалдарын дамыту, сондай-ақ екі ел арасында тиімді мультимодальды логистикалық тізбекті қалыптастыру мәселелері жеке қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша Кения тарапы Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтіп, бірлескен бастамаларды практикалық іске асыруға және екіжақты сауда байланыстарын нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Тараптар белгіленген бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және нақты кейінгі қадамдарды әзірлеу жөніндегі жұмысты жандандыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1293438?lang=ru