Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын ілгерілету тәжірибесін ЭСКАТО форумында таныстырды
18.09.2026 02:31:48 177
16–17 қыркүйек күндері Алматы қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) ұйымдастырған Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыру жөніндегі Солтүстік және Орталық Азияның оныншы көпжақты форумы өтті.
Форумға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Қазақстан делегациясын Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков басқарды.
Форум барысында сөз сөйлеген вице-министр Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарын ұлттық стратегиялар мен бағдарламаларға енгізу жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Ол инклюзивті өсуді қамтамасыз ету мен инновацияларды дамытудағы цифрлық трансформацияның рөліне ерекше тоқтады.
«Осы тұрғыда біз ЭСКАТО аясында Цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын ұсындық», – деді Бекболат Молдабеков.
Форумның негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанның ОДМ-ды іске асыру тәжірибесі болды. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Орнықты даму мақсаттарын үйлестіру басқармасының басшысы Гүлзира Ерболова елдің Ерікті ұлттық шолуларды дайындау тәсілдерін таныстырды. Атап айтқанда, ол үшінші шолуды әзірлеу барысы туралы айтып, онда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына және жаһандық мақсаттарға өңірлік деңгейде қол жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылғанын жеткізді.
Бас сарапшы Ербол Жұмабай Қазақстанның ОДМ 10 – «Теңсіздікті қысқарту» мақсатына қол жеткізу тәжірибесін таныстырды.
Форум қатысушылары Қазақстанның Ерікті ұлттық шолуды әзірлеу, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасау және орнықты дамудың басымдықтарын қалыптастыру, сондай-ақ гендерлік теңдікті қамтамасыз ету шаралары жөніндегі тәжірибесін жоғары бағалады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1293628?lang=ru