Қазақстан Елшісінің Любляна Архиепископымен кездесуі: Конфессияаралық диалог пен рухани келісімді нығайту
18.09.2026 06:19:56 346
2026 жылғы 17 қыркүйек, Любляна — Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Любляна Архиепископы, митрополит Станислав Зоремен кездесу өткізді. Кездесу барысында конфессияаралық келісімді нығайту, дінаралық диалогты дамыту және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды.
Елші Словения католик шіркеуінің басшысына Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық және ішкі саяси реформалар, сондай-ақ еліміздің этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар Қазақстанның Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан, оған Қасиетті Тақ пен әлемдегі жетекші конфессиялардың өкілдері қатысатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін дамытуға бағытталған дәйекті қызметіне тоқталды.
Кездесу барысында Қазақстанның Қасиетті Тақпен дінаралық күн тәртібі аясындағы өзара іс-қимылын одан әрі дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Елші Қазақстан мен Қасиетті Тақтың балаларды қорғау мәселелері жөніндегі II бірлескен коллоквиумы туралы, сондай-ақ ағымдағы жылдың қазан айында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXIV отырысы жөнінде айтып берді.
Архиепископ Станислав Зоре Қазақстанның бейбітшілік орнату және дінаралық бастамаларына жоғары баға беріп, елдің халықтар, мәдениеттер мен діндер арасындағы өзара түсіністік көпірлерін нығайтуға бағытталған күш-жігерін қолдайтынын білдірді.
Сонымен қатар Архиепископ Словения Епископтар конференциясы ұйымдастыратын Балқандағы диалог пен бейбітшілік жөніндегі дінаралық форумның қызметі туралы айтып берді. Аталған форум жұмысына католик, православ, мұсылман, иудей, лютеран және басқа да діни қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ Қасиетті Тақ өкілдері қатысады.
Архиепископ Балқан өңірінің тарихи тәжірибесін ескере отырып, әртүрлі діни және ұлттық қауымдастықтар арасындағы ашық диалог арналары мен өзара байланыс «көпірлерін» сақтаудың бейбітшілік пен сенімді нығайтудың маңызды шарты екенін ерекше атап өтті.
Елші мен Словения католик шіркеуінің басшысы Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі мен Балқандағы диалог пен бейбітшілік жөніндегі дінаралық форумның тәсілдері өзара үндесетінін атап өтті. Аталған екі алаң да ашықтық, өзара құрмет және түрлі конфессия өкілдерінің тікелей қарым-қатынасы қағидаттарына негізделетіні айтылды.
Осыған байланысты Қазақстан мен Словенияның тиісті діни институттары мен дінаралық алаңдары арасында байланыстар орнату, оларды одан әрі дамыту және тәжірибе алмасу орынды екені атап өтілді.
Тараптар дінаралық ынтымақтастық саласындағы диалогты жалғастыруға және қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерін еңсеру, әлеуметтік мәселелерді шешу, жастарды тәрбиелеу, адам қадір-қасиетін қорғау, сондай-ақ өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру құндылықтарын ілгерілету бағыттарында практикалық өзара іс-қимылды дамытуға мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1293767?lang=ru