Қазақстанның Бас консулы «Жібек жолы» университетінде жаңа оқу жылының ашылуына қатысты
18.09.2026 11:33:57 246
2026 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов «Жібек жолы» халықаралық туризм және мәдени мұра университетінде 2026–2027 оқу жылының ашылуына арналған салтанатты рәсімге қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген Бас консул университет басшылығын, оқытушылар мен студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім беру және ғылыми қызметте табыс тіледі. Талғат Шәріпов сан ғасырлық достыққа, тату көршілікке және ортақ мәдени-тарихи құндылықтарға негізделген қазақ-өзбек қатынастарының жоғары деңгейін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ғылым, білім, туризм және мәдени мұраны қорғау салаларындағы екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетудің маңыздылығына назар аударды.
Бас консул университетте жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтары бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алатынын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл екі ел арасындағы білім беру байланыстарының нығайып келе жатқанының және университеттің қазақстандық жастар арасындағы беделінің артып отырғанының айқын дәлелі.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін Талғат Шәріпов университетте білім алып жүрген отандастармен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында оқу үдерісі, студенттердің тұру жағдайлары мен бейімделу мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар қазақстандық студенттер мен магистранттарға Бас консулдықтың қызметі және қажетті консулдық-құқықтық көмек алу үшін өтініш беру тәртібі туралы толық ақпарат берілді. Кездесу соңында консулдық мекеменің басшысы жастарға оқуда табыс, жаңа жетістіктер тілеп, оларды шетелде өз Отанын лайықты танытуға шақырды.
Салтанатты іс-шараға қатысу және отандастармен кездесу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ шетелде білім алып жүрген Қазақстан азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған Бас консулдықтың жоспарлы жұмысының жалғасы болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-samarkand/press/news/details/1293952?lang=ru