Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды

Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды

18.09.2026 14:49:11 164

Құрылтай депутаттарына 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылды. Жоба Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечинаның төрағалығымен өткен отырыста таныстырылды. Жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева және Үкіметтің жауапты мүшелері қатысты.

Өз сөзінде Дания Еспаева 2027–2029 жылдар бюджет тапшылығын қысқарту және мұнай кірістеріне тәуелділікті біртіндеп төмендету арқылы қатаңырақ бюджет саясатына көшу кезеңі ретінде белгіленгенін атап өтті. Жаңадан құрылған Құрылтай үшін бұл алғашқы бюджеттік цикл әрі ең жауапты заң шығару процестерінің бірі.

Вице-спикердің айтуынша, Құрылтайға жаңа Бюджет кодексінде көзделген ауқымды материалдар ұсынылды. Бұл депутаттарға тек кірістер мен шығыстарды ғана емес, жалпы мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының елді дамыту жөніндегі барлық тапсырмаларын мүлтіксіз әрі тиімді орындауға ерекше назар аударылатын болады, - деді Дания Еспаева.

– Біздің мақсатымыз проблемалар туралы айтып қана қоймай, оларды шешуге өз үлесімізді қосу. Кәсіби Құрылтай тарапынан бақылау одан әрі кеңейе түсуі керек. Егер біз қандай да бір мәселені көтерсек, оны шешудің ықтимал жолдарын да ұсынуымыз қажет. Үкіметтен де осындай жұмыс тәсілін күтеміз. Егер депутаттар есептеулерге, шығыстардың тиімділігіне немесе белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуге қатысты күмән келтірсе, біз мазмұнды жауап күтетін боламыз: мұндай шешім неге қабылданды, қандай балама нұсқалар бар, қандай нәтиже күтіледі және оған кім жауап береді, -деді Құрылтай Төрағасының орынбасары.

Өз кезегінде Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина республикалық бюджет жобасын қарау барысында депутаттар қаражаттың игерілуіне қатаң бақылау жүргізуді талап ететінін атап өтті. Алдағы үш жылға арналған бюджеттің негізгі басымдықтары макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салу, сондай-ақ мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау болып айқындалды.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин оның негізіне экономиканың жыл сайын орта есеппен 5%-дан астам өсуі алынғанын хабарлады. Негізгі өсім көздері мұнай емес салалар болуы тиіс. Азамат Әмриннің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны (орташа жылдық өсім – 5,9%) тау-кен өнеркәсібінің өсімінен (2,0%) жоғары болады. Экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы да болмақ, оның өсімі кемінде 5% деңгейінде болжанып отыр.

«2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының негізгі ережелерін депутаттарға Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы таныстырды. Оның мәліметінше, 2027 жылға арналған түсімдер 25,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Оның 19,9 трлн теңгесі трансферттерді есепке алмағанда түсетін кірістер. Бюджет шығыстары 30,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Осылайша, бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 2,3%-ын құрайды. Бұл ретте 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын 0,4%-ға дейін төмендету, ал меншікті кірістерді 23,4 трлн теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр.

– Бюджет шығыстарының бірінші әрі негізгі бағыты – адам капиталына инвестиция салу. 2027 жылы адами капиталды дамытуға 10,5 трлн теңге немесе бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 35%-ы қарастырылған. Бұл цифрлардың артында нақты адамдар тұрғанын түсіну өте маңызды. Әлеуметтік сала бюджеті адамға бағдарланған, яғни оның әлеуметтік қорғалуын, денсаулығын, білім алуын және даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Қаражаттың негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтауға жұмсалады, деді қаржы вице-министрі.

Презентация қорытындысы бойынша заң жобасы талқыланды. Депутаттар Үкіметтің экономикалық өсім болжамдары мен халықаралық сарапшылардың бағалауы арасындағы айырмашылықтарға, бюджет тапшылығын жоспарлы түрде төмендетуге, Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеуге және олардың қажетті бюджеттік рәсімдерден өтуіне қатысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қаржыландырудың тиімділігіне, «Аграрлық несие корпорациясының» жарғылық капиталын ұлғайтудан күтілетін нәтижелерге, сондай-ақ ғылымға жұмсалатын шығыстардың тиімділігіне, ғылыми әзірлемелерді енгізу мен коммерцияландыруға назар аударылды.

– Ресурстар шектеулі болған кезде тиімсіз шығындарға жол беруге құқымыз жоқ. Бюджет қаражаты нақты бағыттарға жұмсалуы тиіс: экономика мен азаматтарға барынша пайда әкелу, толық ашықтық және негізгі міндеттерді қатаң іріктеу қажет. Түзетулер енгізу кезінде барлық әріптестерімді осы тәсілді басшылыққа алуға, сондай-ақ бюджеттің теңгерімділігін ескеруге шақырамын: егер сіз «плюс» ұсынсаңыз, онда қандай да бір бағыттағы шығысты қысқартуға тура келеді, деп атап өтті бейінді комитет басшысы Ольга Перепечина.

Құрылтайда республикалық бюджет жобасы бойынша одан әрі жұмысты депутат Татьяна Савельева басқарады. Талқылау барысында депутаттар айтқан ұсыныстар мен пікірлер ескерілетін болады.

Заң жобасының таныстырылымынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрақтарына жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин және қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы  жауап берді.

#ЗАҢменТӘРТІП

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1294071?lang=ru