QazTrade кореялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуде
18.09.2026 15:02:37 138
Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында 15 қыркүйекте Сеулде «Қазақстан – Корея Республикасы» Іскерлік кеңесінің отырысы өтті, оның аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық өнімнің Корея нарығына экспортын кеңейтуге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.
«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Кореяның шағын және орта бизнес пен стартаптарды дамыту агенттігі (KOSME) шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге және қазақстандық экспорттың инновациялық құрамдас бөлігін дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен жобаларды іске асыруды, тәжірибе және сараптама алмасуды, білім беру және акселерациялық бастамаларды дамытуды, сондай-ақ отандық компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуының перспективалық құралдарының бірі ретінде электрондық сауданы белсенді ілгерілетуді көздейді.
QazTrade пен KOSME ынтымақтастығы екі ұйымның жүйелі жұмысының жалғасы болып табылады. 2025 жылы тараптар қазақстандық IT-компаниялар үшін бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асырды, оның аясында кәсіпкерлер цифрлық трансформацияға, технологиялық бизнесті ауқымдауға және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді енгізуге корейлік тәсілдермен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Өзара іс-қимыл қорытындысы бойынша тараптар сондай-ақ сараптамалық қолдауды одан әрі дамыту, бірлескен жұмыс тобын құру және қазақстандық компанияларды тиісті корейлік акселерациялық бағдарламаларға интеграциялау туралы уағдаласты.
Сол күні қазақстандық компаниялардың қатысуымен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, Kusto Logistics Management және Seojoong Logistics екі ел компаниялары арасындағы сауда-логистикалық ынтымақтастықты дамыту және іскерлік байланыстарды кеңейту туралы уағдаласты.
«Merke-Et» ЖШС және Jung Ho Park - Highland Innovation жылына 1 000 тоннаға дейінгі көлемде ет консервілерін қоса алғанда, қазақстандық ет өнімдерін Корея Республикасының нарығына жеткізуді көздейтін уағдаластықтар жасасты. Сонымен қатар, Samsar Investment және «Coupaju» АҚ жалпы құны 3 млн АҚШ доллары болатын қазақстандық күнбағыс майын жеткізуге келісім жасасты. Металлургия саласы өнімдерін жеткізуді кеңейту жеке бағыт болды.
«Ekibastuz FerroAlloys» ЖШС және Uni Metal Co., LTD тараптар келіскен шарттарда «Ekibastuz FerroAlloys» ЖШС өндіретін ферросилицийді Uni Metal Co., LTD мекенжайына ұзақмерзімді өзара іс-қимыл және тұрақты жеткізуді ұйымдастыру үшін негіз құруды көздейтін Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Уағдаластық аясындағы әлеуетті жеткізу көлемі 50 млн АҚШ долларына бағаланады. Осылайша, 15 қыркүйекте қол қойылған құжаттар қазақстандық-корейлік сауда өзара іс-қимылының бірнеше негізгі бағыттарын – логистиканы, азық-түлік экспортын және металлургия өнеркәсібі өнімдерін жеткізуді қамтиды, отандық өндірушілердің Корея Республикасының нарығына шығуына қосымша мүмкіндіктер жасайды.
16 қыркүйекте Сеулде «Орталық Азия – Корея Республикасы» (ОА+5) Саммиті аясында Кореяның сауда мен инвестицияларды ілгерілету агенттігі (KOTRA) мен QazTrade арасында Сауда ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Корея Республикасымен екіжақты тауар айналымын екі есеге арттыру қажеттігін атап өтті. 2025 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 3,17 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,3%-ға артық. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында, өзекті деректер бойынша, тауар айналымы 1,57 млрд АҚШ долларына жетті.
«Өзара сауданың ағымдағы көлемінде Қазақстан мен Корея Республикасының әлеуеті айтарлықтай жоғары. Біздің міндетіміз – қазақстандық экспорттың номенклатурасын кеңейту, Корея нарығында ұсынылған отандық компаниялардың санын арттыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты экспорттық келісімшарттарға айналдыру» - Айнұр Әмірбекова, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары
QazTrade Қазақстанның шикізаттық емес экспортын ілгерілету бойынша бірыңғай оператор болып табылады және отандық өндірушілердің шетелдік нарықтарға шығуы кезінде кешенді қолдау көрсетеді. Өз қызметі шеңберінде Орталық экспорттаушыларға әлеуетті сатып алушыларды іздеу және таңдау, B2B-келіссөздер ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, өнімді мақсатты нарықтардың талаптарына бейімдеу, ұлттық тауарларды ілгерілету және бизнестің экспорттық құзыреттерін дамыту бойынша жәрдем көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1294078?lang=ru