Абайдың қара сөздері – барша адамзатқа ортақ мұра
18.09.2026 20:46:24 198
Ұлан-Батыр, 2026 жылғы 17 қыркүйек — Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтақынов Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, жазушы және аудармашы Лувсангийн Батбаярмен кездесті.
Л.Батбаяр төл әдеби туындыларымен қатар жапон поэзиясын моңғол тіліне аударған қаламгер ретінде белгілі. Бірнеше жыл бұрын ол қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасына ден қойып, оның шығармаларын моңғол тіліне аударған.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Моңғолия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ екі ел халықтарының өзара түсіністігін нығайтудағы әдебиет пен аударманың рөлін талқылады.
Л.Батбаяр Елшілікке «Билиг сургаал» кітабының бірнеше данасын табыс етті. Аталған басылымда Абайдың қара сөздері қазақ және моңғол тілдерінде қатар берілген. Сондай-ақ, моңғол оқырманына түсініксіз болуы мүмкін жекелеген сөздер мен ұғымдарға түсіндірме жасалған. Кітап Ұлан-Батыр қаласы мен Моңғолияның аймақтарындағы кітапханаларға да таратылған.
Л.Батбаярдың айтуынша, бұдан 130 жылдан астам уақыт бұрын жазылған Абайдың қара сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
«Абайды оқыған сайын оның өсиет-нақылдары бүгінгі адамдарға да арналғандай әсер аламын», - дейді ақын-аудармашы.
Өз кезегінде Елші А.Сейтақынов Абай мұрасының ұлттық шеңберден әлдеқашан шығып, түрлі елдер мен мәдениеттер өкілдері үшін құнды рухани мұраға айналғанын атап өтті.
Ол Л.Батбаярға моңғол оқырмандарын қазақ әдебиетімен таныстыруға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, жазушылар мен аудармашылардың екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ulaanbaatar/press/news/details/1294277?lang=ru