Еңбек министрлігінің Қоғамдық кеңесі 2026 жылдың соңына дейінгі жұмыс басымдықтарын айқындады

Еңбек министрлігінің Қоғамдық кеңесі 2026 жылдың соңына дейінгі жұмыс басымдықтарын айқындады

19.09.2026 03:32:26 183

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Қоғамдық кеңестің екінші отырысы өтті. Жиында әлеуметтік-еңбек саласы мен көші-қон саясатының өзекті мәселелері талқыланып, Кеңестің 2026 жылдың соңына дейінгі жұмыс жоспары бекітілді.

Отырыс аралас форматта өтті. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, вице-министрлер, министрліктің комитеттері мен бейінді құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Жиын барысында вице-министрлер Эльдар Күзенбаев пен Бахтияр Жазықпаев көші-қон саясатын жетілдіруге және әлеуметтік саладағы тәсілдерді дамытуға бағытталған заңнамалық шаралар туралы ақпарат берді.

Министрлік өкілдері ұсынылып отырған бастамалардың негізгі ережелерін түсіндіріп, Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Талқылау кезінде қатысушылар осы бағыттардағы мемлекеттік саясатты одан әрі жетілдіруге қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Қоғамдық кеңестің алдағы жұмысының басым бағыттарын айқындау болды. 2026 жылдың қалған кезеңіне арналған жұмыс жоспарының жобасын Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Талғат Галиев таныстырды. Талқылау барысында Кеңес мүшелерінен түскен жеті ұсыныс та қаралды.

Бекітілген жоспар халықты жұмыспен қамту, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және оларды қоғамға қайта бейімдеу, халықты әлеуметтік қорғау, еңбек қатынастарын реттеу, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелерін қамтиды.

Сонымен қатар 2029 жылға дейін егде жастағы азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға ерекше назар аударылады. Кеңес жұмысы аясында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар талқыланады. Оның ішінде қызметтерді стационарлық және күндізгі жағдайда, сондай-ақ үйде күтім көрсету кезінде ұйымдастыру мәселелері қаралады.

Күн тәртібіне жұмысшыларды, басшылар мен жауапты мамандарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, нұсқама беру және білімін тексеру тәсілдерін жетілдіру мәселелері де енгізілді.

Тағы бір бағыт белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамыту. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл орталықтарды қаржыландыру, қызмет көрсету стандартын жетілдіру және оны пилоттық режимде енгізу мәселелерін қарауды жоспарлап отыр.

Бекітілген жоспарға сәйкес, Қоғамдық кеңестің отырыстары айына кемінде бір рет өткізіледі. Жиындарға еңбек мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі екі комиссия қатысады.

Бұдан бөлек, Кеңес мүшелері мүдделі мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің өкілдері қатысатын семинарларға, дөңгелек үстелдерге және конференцияларға қатысады. Мұндай кездесулерде әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер ашық талқыланып, жүргізіліп жатқан реформалар түсіндіріледі.

Қоғамдық кеңестің жүйелі жұмысы Министрлік пен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы тұрақты байланысты нығайтуға, келіп түскен ұсыныстарды ескеруге және әлеуметтік-еңбек саясатын дамытуға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-enbek/press/news/details/1294513?lang=ru