Қазақстанда спорттық және гимнастикалық жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер бекітілді

Қазақстанда спорттық және гимнастикалық жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер бекітілді

19.09.2026 08:01:55 170

Жекелеген спорттық жабдықтар мен мүкәммалдың, сондай-ақ гимнастикалық жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін екі техникалық регламент бекітілді.

Құжаттарды әзірлеудегі маңызды кезең тиісті өнім түрлерін Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде оларға қатысты міндетті талаптар белгіленуі мүмкін өнімнің Бірыңғай тізбесіне енгізу болды. Бұл спорттық жабдықтар мен мүкәммалға қатысты ұлттық техникалық регламенттерді әзірлеу және қабылдау үшін қажетті құқықтық негіз қалыптастырды.

Атап айтқанда, реттелетін тізбеге спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру жабдықтары мен мүкәммалдың жекелеген түрлері, оның ішінде спорттық қақпалар, стендтік атуға және спортингке арналған нысаналар, сондай-ақ гимнастикалық жабдықтардың әртүрлі түрлері — қоссырықтар, кермелер, батуттар, сақиналар, гимнастикалық снарядтар, төсеніштер және басқа да жабдықтар енгізілді.

Техникалық регламенттерді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі әзірледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті салааралық үйлестіруді жүзеге асырды.

Құжаттарды әзірлеуге сараптамалық кеңестер, стандарттау жөніндегі бейінді техникалық комитеттер, Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ сала және бизнес өкілдері қатысты.

Тиісті талаптар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің бұйрықтарымен бекітілді:
- 2026 жылғы 10 қыркүйектегі № 175 бұйрықпен — спорттық жабдықтар мен мүкәммалға қатысты техникалық регламент;
- 2026 жылғы 8 қыркүйектегі № 169 бұйрықпен — гимнастикалық жабдықтарға қатысты техникалық регламент.

Техникалық регламенттерде өнімді мақсаты бойынша пайдалану кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған талаптар белгіленді.

Өнімнің регламент талаптарына сәйкестігін бағалауды өтініш беруші (дайындаушы, импорттаушы немесе уәкілетті тұлға), сондай-ақ өз құзыреті шеңберінде сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген органдар жүзеге асырады.

Техникалық регламенттерде өнімді сәйкестендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сәйкестендіру өнімнің атауы, ілеспе құжаттамада қамтылған мәліметтер, сондай-ақ визуалды әдістер негізінде жүргізіледі. Бұл ретте ЕАЭО СЭҚ ТН коды, өнімнің мақсаты мен қолданылу саласы, оның шығу тегі мен құрамы, сондай-ақ өндіру және пайдалану технологиясының ерекшеліктері ескеріледі.

Техникалық регламенттер алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап алты ай өткен соң күшіне енеді. Белгіленген өтпелі кезең өндірушілер мен импорттаушыларға жаңа міндетті талаптарды қолдануға дайындалуға және өнімнің белгіленген нормаларға сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Техникалық регламенттердің қабылдануы балалар мен ересектер пайдаланатын спорттық жабдықтар мен мүкәммалдың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ тиісті өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға бірыңғай міндетті тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған.

Міндетті талаптарды енгізу спорттық және гимнастикалық жабдықтарды пайдалану кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау деңгейін арттыруға, сондай-ақ өндірушілер, импорттаушылар және нарықтың өзге де қатысушылары үшін неғұрлым түсінікті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Техникалық регламенттер және белгіленген талаптар туралы толық ақпаратпен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтынан танысуға болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1294670?lang=ru