Вашингтонда Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздікке қосқан үлесі талқыланды
19.09.2026 09:32:34 142
Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Карнеги халықаралық бейбітшілік қорында Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 35 жылдығына және Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығына орайластырылған «Қазіргі заманғы ядролық қатерлер жағдайындағы Қазақстанның тағылымы» атты сараптамалық пікірталас өтті.
Іс-шараны ҚР-дың АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры және Стратегиялық тәуекелдер жөніндегі кеңес ұйымдастырды.
Пікірталасқа Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Мағжан Ілиясов, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Дина Тайтус пен Билл Фостер, Карнеги қорының вице-президенті Кори Хиндерстайн, АҚШ-тың Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы бұрынғы Тұрақты өкілі Лора Холгейт, АҚШ Қорғаныс министрінің бұрынғы көмекшісі Эндрю Вебер, сондай-ақ сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты. Пікірталастың модераторы журналист, «The Dead Hand» кітабының авторы Дэвид Хоффман болды.
Өз сөзінде М.Ілиясов Қазақстанның Семей ядролық сынақ полигонын жабу және кейіннен әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту туралы шешімінің тарихи маңызын атап өтті. Елші бұл таңдау Қазақстанның ядролық қарусыздану, таратпау және халықаралық қауіпсіздікті нығайту салаларындағы дәйекті саясатының негізін қалағанын атап көрсетті.
Нанн-Лугар қатерлерді бірлесіп азайту бағдарламасы аясындағы көпжылдық қазақ-америка ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Екі мемлекеттің бірлескен жұмысының арқасында ядролық мұраны қысқартуға, ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың таралу тәуекелдерін төмендетуге бағытталған кешенді шаралар іске асырылғаны атап өтілді.
Қазақстан мен АҚШ 1994 жылы бірлесіп жүзеге асырған «Сапфир» жобасы екіжақты ықпалдастықтың ең табысты үлгілерінің бірі ретінде аталды. Елші жобаның табысты іске асырылуына саяси ерік-жігер, өзара сенім және екі ел арасындағы тығыз практикалық ынтымақтастық негіз болғанын атап өтіп, АҚШ Конгресін Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына орай қоспартиялы қарар қабылдауға шақырды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы көшбасшылық рөлін ерекше атап өтті. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы, ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тарту және еліміздің кейінгі халықаралық қызметі ядролық қатерлерді іс жүзінде азайтудың ең маңызды үлгілерінің біріне айналғаны атап көрсетілді.
Спикерлер Қазақстанның жаһандық таратпау режимін нығайтуға қосқан дәйекті үлесін жоғары бағалады. Осы тұрғыда еліміздің Ядролық қаруды таратпау туралы шартты және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қолдауы, Қазақстан аумағында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің орналастырылуы, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша халықаралық диалогты ілгерілету жөніндегі күш-жігері атап өтілді.
Бұдан бөлек, осыдан 20 жыл бұрын Семейде қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған құжаттың өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режимін нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.
Пікірталас барысында ядролық қарусыздану, қару-жарақты бақылау және таратпау салаларындағы қазіргі сын-қатерлер, сондай-ақ жаңа технологиялардың халықаралық қауіпсіздікке ықпалы жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар Қазақстанның тәжірибесі қазіргі жағдайда айрықша өзекті болып қала беретінін және ядролық тәуекелдерді төмендетуде халықаралық ынтымақтастықтың, сенім шаралары мен жауапты тәсілдердің маңызын көрсететінін атап өтті.
Іс-шара сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1294731?lang=ru