Өнеркәсіптік кооперациядан инновацияларға дейін: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықтың жаңа өсу нүктелерін айқындады

Өнеркәсіптік кооперациядан инновацияларға дейін: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықтың жаңа өсу нүктелерін айқындады

19.09.2026 11:16:19 226

Намюр, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Валлонияның Министр-президенті, қаржы, халықаралық қатынастар және жануарлардың әл-ауқаты министрі Адриен Долимонмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Валлония арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, аса маңызды шикізат материалдары, инновациялар, цифрландыру, сондай-ақ ғылым мен білім салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Валлонияның дамыған өнеркәсіптік және ғылыми-технологиялық базасы Қазақстанның индустриялық жаңғырту және инвестициялар тарту саласындағы мүмкіндіктерін тиімді толықтыратыны атап өтілді.

Р.Василенко сұхбаттасын Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңі, 2026 жылғы 23 тамызда өткен бір палаталы Құрылтай сайлауының қорытындылары және жаңа Үкіметтің жасақталуы туралы хабардар етті. Сондай-ақ 2026 жылдың күзінде Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға алғашқы Мемлекеттік сапарына дайындық және А.Долимонның Бельгияның ресми делегациясы құрамында қатысуы талқыланды.

Өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Практикалық мысал ретінде бельгиялық John Cockerill компаниясының Qarmet компаниясымен жаңа ыстық мырыштау және полимерлік жабындар кешенін салу жөніндегі ынтымақтастығы атап өтілді. Тараптар металлургия, өнеркәсіптік инжиниринг, автоматтандыру, декарбонизация, жаңартылатын энергетика және сутегі технологиялары салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын атап өтті.

Көлік-логистика саласында Валлония инфрақұрылымын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (Орта дәліз) ұштастыру мүмкіндіктері қарастырылды. 2026 жылғы 16 маусымда ASL Airlines Belgium компаниясының Льеж және Қарағанды әуежайлары арасында аптасына бес рейс жиілігімен тікелей жүк әуе қатынасын іске қосуы Қазақстан, Азия және Еуропа арасындағы жүк тасымалдарын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Аэроғарыш саласы, жасанды интеллект, цифрландыру және Smart City бағыттарындағы ынтымақтастық перспективалары жеке талқыланды. Қазақстан тарапы валлондық технологиялық компаниялармен, университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тікелей байланыстар орнатуға, оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізуге, мамандар даярлауға және технологияларды коммерцияландыруға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыру, компаниялар, университеттер мен өңірлік институттар арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ өзара сапарлар мен бірлескен іскерлік іс-шаралар өткізу арқылы Қазақстан мен Валлония арасындағы ынтымақтастықты практикалық арнада дамытуға мүдделілігін растады.

Анықтама үшін: Валлония – Бельгияның үш өңірінің бірі, оның құрамына бес провинция – Льеж, Эно, Намюр, Валлондық Брабант және Люксембург кіреді. Өңірдің ЖІӨ-сі 2024 жылы шамамен 144 млрд еуроны (Бельгия ЖІӨ-сінің 23%-ын) құрады. Негізгі салалары – фармацевтика және биотехнологиялар, металлургия және машина жасау, химия және аэроғарыш өнеркәсібі, энергетика, логистика, агроөнеркәсіп кешені және цифрлық технологиялар. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің шамамен 3,2%-ын құрайды.

2024 жылы тауар экспорты шамамен 61,9 млрд еуроны құрады, оның шамамен 80%-ы еуропалық нарықтарға тиесілі. Негізгі экспорттық тауарлар – фармацевтикалық өнімдер, азық-түлік, металдар мен металл өнімдері, химиялық өнімдер, машиналар мен жабдықтар. Өңірдегі ірі компаниялардың қатарында John Cockerill, FN Browning Group, GSK, UCB, Safran Aero Boosters, Sonaca және IBA бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1294791?lang=ru