Дағдарыстық көмектен тәуелділіктің алдын алуға дейін: әскери психологтар кәсіби дағдыларын жетілдіруде
19.09.2026 11:33:37 162
Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастамасымен Қарулы күштердің психологиялық қызмет мамандарының оқу-әдістемелік жиыны өтті.
Жиын барысында әскери қызметшілерге психологиялық қолдау көрсету, тәуелді мінез-құлықтың алдын алу және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынға қатысушыларға психология саласындағы азаматтық және әскери мамандар өздерінің практикалық білімдері мен тәжірибелерін бөлісті. «Тұран» университетінің профессоры Мұрат Асимов өзін-өзі бақылау әдістері мен дағдарыстық немесе суицидтік жағдайда тұрған адамдармен жұмыс істеу тәсілдерін таныстырды. Әуе қорғанысы күштері әскери институты психологиялық қызметінің бастығы Әлия Жақыпова әскери қызметшілер арасында алаңдаушылық жағдайлардың алдын алу әдістері туралы айтып берді.
Психологтардың кәсіби ресурсына да ерекше көңіл бөлінді. Гештальт-терапевтер Юлия Мазунина мен Лилия Горнова маманның өзін-өзі қолдауы және ашуды басқару бойынша практикалық сабақтар өткізді. Сабақ барысында ашуды байқаудан бастап, жеке құндылықтарды сақтауға дейінгі мәселелер қамтылды.
Негізгі тақырыптардың бірі тәуелді мінез-құлықтың алдын алу болды. «Танаис» психологиялық көмек орталығының негізін қалаушы әрі жетекшісі, Практикалық психология және аддиктология академиясының президенті Айгүл Магаматова ойын және алкогольдік тәуелділіктің қалыптасуының нейрофизиологиялық моделін таныстырды.
Жиын барысында сондай-ақ, әскери бөлімдердегі психологтардың практикалық жұмысын ұйымдастыру, күзгі шақыру науқаны кезеңіндегі міндеттер және Қазақстан Республикасының «Психологиялық қызмет туралы» заңының негізгі ережелері қарастырылды.
Жиын тәжірибе алмасуға және мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге арналған маңызды алаңға айналды. Жинақталған білім мен практикалық құралдар психологиялық қызметтің күнделікті жұмысында әскери қызметшілердің психологиялық қиындықтарын дер кезінде анықтау, дағдарыстық жағдайлардың алдын алу және қажетті көмек көрсету мақсатында қолданылатын болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1294798?lang=ru