ЮНЕСКО-да Ермек Серкебаевтың 100 жылдығын салтанатты концертпен атап өтті
20.09.2026 09:16:33 182Париж, 2026 жылғы 18 қыркүйек — ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесінде әйгілі қазақ опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Дәуір дауысы» салтанатты концерті өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы және Франция жұртшылығының өкілдері қатысты.
Қазақстан бастамасымен Е. Серкебаевтың 100 жылдығы оның әлемдік мәдениет пен өнерге қосқан айрықша үлесін мойындау белгісі ретінде 2026 жылы ЮНЕСКО-ның қатысуымен аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді.
Концерт алдында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А. Қырықбаев пен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани арасында екіжақты кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен Ұйым ынтымақтастығының өзекті мәселелерін, соның ішінде елдің материалдық мәдениет ескерткіштерін, бай рухани және деректі мұрасын халықаралық тізілімдерге ілгерілету мен қорғауды, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің қызметін талқылады.
Концерттің ашылуында Министр өнер иесі мұрасының ұлттық мәдениет тарихындағы айрықша орны мен оның жүз жылдығын халықаралық деңгейде атап өтудің маңызын айтты.
«Ермек Серкебаев – қазақ опера өнерін әлемдік деңгейге көтеріп, ұлттық музыкалық театрдың төл мектебін қалыптастыруға зор үлес қосқан ұлы әншілердің бірі. Әрине, оның мерейтойын ЮНЕСКО-да атап өту — біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінгі кешті әнші мен оның тыңдармандары арасындағы шығармашылық үндестіктің жалғасы деп білемін», — деді А. Қырықбаев.
Өз кезегінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Л. Элунду Ассомо Е. Серкебаевтың әлем мәдениетіндегі маңызы мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы рөлін атап өтті.
«Ол сахнада сомдап, орындаған сан алуан рөлдері арқылы Қазақстандағы опера өнерінің дамуына және оның елден тыс жерлерде танылуына баға жетпес үлес қосты. Әншінің шығармашылық жолы өнер иелерінің әлемде өз мәдениетінің елшісі бола алатынын еске салады. Музыка арқылы олар халықтар арасында хикаялар, дәстүр, сезім мен құндылықтарды жеткізіп, бір-бірін танып-білуге және баршамызды біріктіретін ортақ негізді ұдайы табуға көмектеседі», — деп атап өтті Л. Элунду Ассомо.
«Қазақстанда бірнеше ұрпақ пен буын үшін Ермек Серкебаев ұлттық мәдениетіміздің тарихындағы тұтас бір дәуірге айналған орындаушылық шеберліктің символы болды. Әлемнің әр түкпіріндегі гастрольдерінде ол халықаралық аудиторияны қазақ операсымен таныстырды. Сонымен бірге әрдайым еліне адал болып, ұстаз ретіндегі ерен еңбегі арқылы кәсіби музыканттардың төл мектебін қалыптастыруға үлес қосты», — деп толықтырды Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Елшісі, Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.
«Дәуір дауысы» атты кеш бағдарламасын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, хоры мен симфониялық оркестрі ұсынды. Бұл кеште ЮНЕСКО сахнасында қазақ және әлемдік опера классикасының туындылары, сондай-ақ Е. Серкебаевтың репертуарында ерекше орын алған шығармалар орындалды.
Бағдарламаға Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов шығармалары, қазақ халық әндері, сондай-ақ әлемдік опера классикасының жауһарлары — Шарль Гуно, Петр Чайковский, Джоаккино Россини және Жорж Бизе туындылары енді. Атап айтқанда, «Айсұлу» операсынан Серкенің ариясы, «Иолантадан» Роберттің ариясы, «Севилья шаштаразынан» Фигароның каватинасы, «Фаусттан» Валентиннің ариясы, «Карменнен» «Хабанера» және басқа да шығармалар орындалды.
Бұл кеште ЮНЕСКО сахнасында заманауи қазақ опера мектебін танытатын Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері өнер көрсетті. Олармен бірге театрдың хоры мен симфониялық оркестрі қатысты. Бағдарламада көрнекті әншінің жиені Жәмилә Серкебаеваның өнер көрсетуі ерекше орын алды. Ол скрипкада қазақ ұлттық музыкасы репертуарындағы жарқын туындыларды орындады.
Ермек Серкебаев (1926–2013) — қазақ музыка өнері тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі. Бірегей баритон дауысы мен айрықша актерлік дарынның иесі опера сахнасына алпыс жылдан астам уақытын арнап, ұлттық және әлемдік репертуарда сан алуан жарқын кейіптер тізбегін қалыптастырды.
Е. Серкебаев шығармашылығы қазақ опера мектебінің қалыптасуы мен халықаралық деңгейде мойындалуында елеулі рөл атқарды. Оның көпжылдық ұстаздық қызметі де қазақ әртістерінің жаңа буынын тәрбиелеуге және ұлттық вокал дәстүрінің сабақтастығын сақтауға ықпал етті.
ЮНЕСКО-да «Дәуір дауысы» концертінің өткізілуі Е. Серкебаевтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық жылдың басты іс-шараларының бірі ретінде Қазақстанның бай мәдени мұрасы мен заманауи орындаушылық өнерін әлемдік аудиторияға таныстыруға тамаша мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/1294904?lang=ru