Израиль Кеден қызметінің басшысымен кездесу
20.09.2026 13:34:16 495
Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшілігінің Израиль мемлекеттік органдарының басшыларымен, әсіресе қазақстандық экспортты Израильдің ішкі тұтыну нарығына ілгерілету үшін қолайлы жағдайлар жасауға тікелей ықпал ететін құрылымдармен жұмыс байланыстарын кеңейту және нығайту жөніндегі жұмысы аясында, 2026 жылғы 19 тамызда Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев Израиль Кеден қызметінің басшысы, Израиль Салық басқармасы директорының орынбасары Кфир Ченмен кездесу өткізді. Израиль Кеден қызметі Қаржы министрлігіне қарайтын Израиль Салық басқармасының құрамына кіреді.
Елші сұхбаттасушысына Қазақстан, елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, инвестициялық мүмкіндіктер және бірлескен жобаларды іске асырудың басым бағыттары туралы ақпарат берді.
Елші Қазақстанның өз аумағы арқылы, ең алдымен Қытай–Еуропа бағыты бойынша, тауарлардың елеулі көлемін тасымалдауға мүмкіндік беретін маңызды транзиттік бағытқа айналып келе жатқанын ерекше атап өтті. Қазақстандағы сыртқы және ішкі кеден бекеттерінің көптігі, сондай-ақ аумақтың ауқымдылығы кедендік рәсімдерге барынша тиімді әрі инновациялық шешімдерді енгізуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Израильдің бұл саладағы тәжірибесі ең озық әрі табысты тәжірибелердің бірі болып табылады.
Израиль Кеден қызметінің басшысы өз кезегінде Кеден қызметінің құрылымы, оның әуежайлардағы, теңіз порттарындағы, құрлықтағы шекара өткелдеріндегі және басқа да аумақтық бөлімшелерінің қызметі, сондай-ақ Израиль кеден органдары қолданатын озық технологиялық шешімдер туралы айтып берді. Атап айтқанда, Кфир Чен импорттаушыларды, кеден брокерлерін, теңіз және әуе порттарын, сондай-ақ банктерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіретін және жүктерді қағазсыз рәсімдеуге мүмкіндік беретін «Global Gate» бірыңғай IT-платформасының жұмысына тоқталды.
Тараптар қаржы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту бағытында атқарылған мазмұнды жұмысты, атап айтқанда, Қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенция жобасын келісудің аяқталғанын қанағаттанушылықпен атап өтті. Осы маңызды құжатқа жақын арада қол қою жоспарлануда.
Қазақстан мен Израиль өкілдері екі елдің кеден органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған байланыстар мен жұмыс кездесулерінің жоғары қарқынын сақтауға уағдаласты. Бұл ретте кеден қызметін цифрландыру перспективалы бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Тараптардың ортақ пікірінше, аталған бағыт кеден бекеттерінің жұмыс тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өзара іс-қимылдың тиімді алаңдарының бірі Қазақстан–Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы бола алады. Комиссияның кезекті отырысын 2026 жылғы қарашада Израильде өткізу жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tel-aviv/press/news/details/1294927?lang=ru