Қазақстанның Бас консулы Орталық Азия азаматтық қоғамы форумына қатысты
20.09.2026 19:46:55 165
2026 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов Халықаралық демократия күніне орай ұйымдастырылған «Демократиялық дамудағы азаматтық қоғам институттарының маңызы: Өзбекстан мен Орталық Азия елдерінің тәжірибесі» тақырыбындағы Орталық Азия азаматтық қоғамы форумына қатысты.
Тақырыптық сессиялар барысында қатысушылар Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтық қоғам институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, бірлескен жобаларды іске асыру тетіктерін, сондай-ақ трансшекаралық сараптамалық желілер мен үкіметтік емес ұйымдар қауымдастықтарын қалыптастыру мәселелерін талқылады. Делегаттар тұрақты диалог алаңдарын дамытуға, әлеуметтік инновациялармен алмасуға және үкіметтік емес сектордың тиімді тәжірибелерін өңірлік деңгейде таратуға ерекше назар аударды.
Аудитория тарапынан қазақстандық делегаттардың баяндамаларына үлкен қызығушылық танытылды. Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы «АРГО» өңірлік бағдарламалар директоры Қайша Атаханова «Жаһандық мақсаттардан жергілікті шешімдерге: ТДМ-ға қол жеткізудегі азаматтық қоғамның рөлі – Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, климаттық сын-қатерлердің трансшекаралық сипатына баса назар аударды.
Өз кезегінде, «Ерменсай» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Людмила Сенгирбаева жергілікті әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге бағытталған «мемлекет – азаматтық қоғам – жергілікті өзін-өзі басқару» үш деңгейлі моделін қалыптастыру бойынша табысты тәжірибені таныстырды.
Қазақстан тарапы ұсынған тұжырымдамалық тәсілдер халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, олар мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық институттардың жергілікті және өңірлік деңгейлердегі өзара іс-қимылы бойынша Қазақстанның тәжірибесін кеңінен қолдануға практикалық қызығушылық білдірді.
Жалпы, Форум қорытындылары Орталық Азия мемлекеттері арасында азаматтық қоғам институттарын дамыту саласындағы тәжірибемен практикалық алмасуға тұрақты өзара қызығушылық бар екенін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-samarkand/press/news/details/1294958?lang=ru