Қазақстан француздық брендтің ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастыруда

Қазақстан француздық брендтің ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастыруда

21.09.2026 23:47:00 181

Саверн, Монсвиллер, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстан өкілдері Францияға жұмыс сапары аясында ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – KUHN компаниясының өндірістік алаңдарына барды.

Делегация құрамына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «АгромашХолдинг KZ» АҚ Президенті Динара Шүкіжанова, сондай-ақ Eurasia Group AG компаниясынан Сергей Глокке (KUHN компаниясының ҚР серіктесі) кірді.

Сапар барысында делегация мүшелері кәсіпорынның өндірістік процестерімен, технологиялық шешімдерімен және кәсіпорын жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар, ынтымақтастықтың перспективалары мен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар, Қазақстанда KUHN ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін жергіліктендіру, технологиялық өзара іс-қимылды және өндірістік құзыреттерді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Аталған сапар 2026 жылғы сәуірде ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновтің ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін жетекші әлемдік компаниялармен кездесуі аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды. Сол кезеңде «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «Eurasia Group AG» ЖШС және KUHN Group арасында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және Қазақстанда KUHN техникасының өндірісін жергіліктендіру мәселелерін пысықтауды көздейтін келісімге қол қойылған болатын.

Саверн мен Монсвиллерде өткен жұмыс кездесулер тараптарға қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі алдағы практикалық қадамдарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

 

Францияның Үлкен Шығыс өңірінде орналасқан KUHN Group компаниясы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Бүгінде KUHN компаниясының үш құрлықта орналасқан 11 зауыты бар және ол ауыл шаруашылығы техникасын әлемнің 110-нан астам еліне жеткізуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1295511?lang=ru