Елордада «САЯХАТ 2026» халықаралық туристік форумы өтті

Елордада «САЯХАТ 2026» халықаралық туристік форумы өтті

22.09.2026 08:46:51 252

Астанада «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum халықаралық туристік форумы өтті. «Тәуекелсіз туризм» тақырыбына арналған үш күндік іс-шарада мемлекеттік органдардың, туристік бизнес, әуе компаниялары мен қонақүй саласының өкілдері туризмді қауіпсіз дамыту, саяхатшылардың құқықтарын қорғау және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Форумға мемлекеттік органдардың, туристік бизнес пен әуе компанияларының өкілдері, қонақүй саласының мамандары және халықаралық серіктестер қатысты. 17 қыркүйекте қатысушылар үшін елорданың туристік инфрақұрылымымен танысу бағдарламасы ұйымдастырылды. Оның аясында Астана бойынша шолу экскурсиясы мен қонақүйлерге ақпараттық тур өткізілді. Форумның негізгі іскерлік бағдарламасы EXPO халықаралық көрме орталығында өтті.

Бағдарлама аясында панельдік пікірталастар мен сараптамалық сессиялар, B2B кездесулері, туристік өнімдердің таныстырылымдары, халықаралық көрме және келісімдерге қол қою рәсімдері ұйымдастырылды. Көрмеге Қазақстанның ірі туроператорлары, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің туристік агенттіктері, әуе компаниялары, ұлттық туристік ведомстволардың өкілдері, халықаралық қонақүй бизнесінің мамандары, қауымдастықтар мен DMC агенттіктері қатысты.

Форумда төрт панельдік сессия ұйымдастырылды. Туризм саласының сарапшылары қызмет көрсету саласында өзара кепілдіктер жүйесін қалыптастыру, шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, туроператорлар мен турагенттіктердің тиімді өзара іс-қимылы, жауапты туризм арқылы саяхатшылардың сенімін арттыру, туризм саласындағы жосықсыз қызметтің алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ әсер урбанистикасы мен оқиғалар туризмі мәселелері бойынша пікір алмасты.

Іс-шара барысында бірнеше келісім мен меморандумға қол қойылып, жаңа туристік өнімдер мен халықаралық бағыттар таныстырылды. Сонымен қатар «Үздік туристік ауыл – 2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Көрмеге елордадан қатысқан Astana RedBus Tour компаниясының PR маманы Қымбат Маратованың айтуынша, Бурабай мен Астанаға экскурсиялық турлар ұйымдастыратын компания 2024 жылдан бергі екі жыл ішінде 2 миллионнан астам туристке қызмет көрсеткен.

«Біз жыл бойы жұмыс істейміз. Дегенмен туристер ең көп келетін кезең — жаздың үш айы. Қыс пен көктемде де еліміздің түрлі өңірлерінен қонақтар келеді. Астанада туристерді ең көп қызықтыратын көрнекті орындар — Ұлттық музей, «Бәйтерек» монументі және қаланың ескі бөлігі, яғни оң жағалау. Әсіресе Республика даңғылы бойымен серуендеуді қалайтындар көп. Жылына орта есеппен 100 мыңнан астам туристке экскурсия ұйымдастырамыз.

Биыл «Түнгі Астана» атты жаңа жобаны іске қостық. Экскурсия сағат 20:00-де басталады. Оған қызығушылық жоғары, өйткені елорда тұрғындары жұмыстан кейін демалуға уақыт табады.

Аудиогид сегіз тілде ақпарат ұсынады. Кейбір нысандардың жабылуына байланысты ондағы мәліметтерді жаңарттық. Жалпы, күн сайын сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін автобуспен бес экскурсия ұйымдастырамыз.

Билет бағасы ересектер үшін — 6 000 теңге, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға, балаларға және II–III топтағы мүгедектігі бар адамдарға — 3 000 теңге. Ал журналистерге, 75 жастан асқан азаматтарға, I топтағы мүгедектігі бар адамдар мен оларды ертіп жүретін тұлғаларға автобуспен экскурсия тегін», — деді ол.

2025 жылы Астанаға келген туристер саны 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға артып, 1 604 825 адамды құрады. Оның ішінде 380 301-і — шетелдік, ал 1 224 524-і — ішкі туристер. Елордаға ең көп турист келген бес елдің қатарына Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ кірді. Қазіргі уақытта Астанада бір мезетте 18 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 317 қонақүй мен өзге де орналастыру нысаны жұмыс істейді.

«Astana Tourizm» ЖШС өкілі Рауан Ахметов елорда қонақтарына ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары туралы айтып берді.

«Біз Астанада туризмді дамытумен айналысамыз. Осы бағытта жұмыс істейтін бірнеше департаментіміз бар. Елордадағы туристік нысандар туралы мәліметтер әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда жарияланады. Туристерге ақпарат беру үшін әуежайда және «Бәйтерек» монументінің жанында екі ақпараттық дүңгіршек аштық.

Қалаға келген қонақтар сол жерден көрнекті орындар, қонақүйлер, оларға қатынайтын қоғамдық көлік және басқа да қажетті мәліметтерді ала алады. Қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі арнайы буклеттер мен туристік карталар тегін таратылады.

Жыл басынан бері 10 мыңнан астам туристке қызмет көрсеттік. Олардың 70%-дан астамы — шетелдік қонақтар. Әсіресе Ресей, Германия және Қытайдан келетін туристер көп. Жалпы, жылына 20 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз.

Шетелдік қонақтар көбіне Орталық мешітке, «Бәйтерек» монументіне, Ұлттық музейге және «Нұрлы жол» вокзалындағы музейге қызығушылық танытады», — деді Рауан Ахметов.

19 қыркүйекте форум Астананың Орталық саябағында «Туризм – әркімнің ісі» тұжырымдамасы аясындағы қалалық мерекемен жалғасты. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жүгіру жарысы, гастрономиялық фестиваль, спорттық және отбасылық іс-шаралар, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1295834?lang=ru