«Айбалта-2026»: Құрлық әскерлері оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзірлігін тексерді

«Айбалта-2026»: Құрлық әскерлері оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға әзірлігін тексерді

24.09.2026 12:48:26 166

Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу орталығының полигонында Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлері бөлімшелерінің қатысуымен өткен «Айбалта-2026» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды.

Оқу-жаттығу барысында бөлімшелер марш жасап, барлау жүргізу және шартты қарсыласты атыспен жою жөніндегі міндеттерді орындады.

Әскери маневрлер командирлер мен басқару органдарының бөлімшелердің іс-қимылын жоспарлау және үйлестіру дағдыларын жетілдіруге бағытталды.

– Оқу-жаттығу жеке құрамның даярлық деңгейін, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және олардың түрлі жағдайда қойылған міндеттерді орындауға әзірлігін бағалауға мүмкіндік берді. Әрбір кезең – практикалық тәжірибе жинақтап, оқытылатын әскери қызметшілердің кәсіби машықтарын жетілдіруге және өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға жасалған мүмкіндік. Алынған тәжірибе әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттырудың негізіне айналатынына сенімдімін, – деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Ибатулин.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындауда ерекше көзге түскен әскери қызметшілер Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атынан грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Марапатталғандардың қатарында 31775 әскери бөлімінің мерзімді қызмет әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Иван Помигалов та бар.

– Мұндай оқу-жаттығулар өзіңді нақты жағдайға жақын ортада сынауға, тың тәжірибе жинақтауға және әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Мұнда тәртіп, төзімділік және бүкіл ұжымның үйлесімді әрекеті ерекше маңызды. Марапатқа ие болу мен үшін үлкен құрмет әрі қызметімді жалғастырып, кәсіби дағдыларымды жетілдіруге және қойылған міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындауға ынталандырады, – деді сарбаз.

«Айбалта» оқу-жаттығуы жеке құрамның даярлық деңгейін бағалауға және жауынгерлік әзірлікті, кәсіби машық пен бөлімшелердің үйлесімділігін одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1297665?lang=ru