Қазақстан мен Антверпен сауда, логистика және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Антверпен сауда, логистика және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

24.09.2026 15:03:09 156

Антверпен, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Антверпен провинциясына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Антверпен-Ваасланд Сауда-өнеркәсіп палатасының (VOKA), Антверпен қаласы әкімдігінің, The Beacon инновациялық-технологиялық хабының және Антверпен-Брюгге портының басшылығымен кездесулер өткізді. Негізгі назар сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, Орта дәлізді дамытуға, цифрландыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Антверпеннің іскерлік және инновациялық экожүйелері арасында тікелей байланыстар орнатуға аударылды.

VOKA Antwerpen-Waasland бас директоры Люк Лювелмен кездесу барысында өңір компанияларын Қазақстандағы мұнай-химия және химия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, логистика, озық материалдар және циркулярлық экономика салаларындағы жобаларды іске асыруға тарту перспективалары талқыланды. Антверпеннің өнеркәсіптік мамандануы Қазақстанның өндірісті жаңғырту, өңдеу секторын дамыту және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару жөніндегі басымдықтарына сәйкес келетіні атап өтілді.

Қазақстанда жобаларды іске асырып жатқан немесе дамытып отырған Ahlers Logistics, Sarens және Jan De Nul бельгиялық бизнестің табысты мысалдары ретінде атап өтілді. Қазақстандық тарап VOKA-ға Антверпеннің жаңа компанияларын тартуға, салалық бизнес-миссияларды ұйымдастыруға және қазақстандық серіктестермен әрі даму институттарымен тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуді ұсынды.

Антверпен әкімдігінде сыртқы байланыстар және халықаралық істер жөніндегі директор Том Вербеленмен кездесу барысында тікелей муниципаларалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Мемлекеттік және қалалық қызметтерді цифрландыруға, «ақылды қала» технологияларына, жасанды интеллектке, қалалық мобильділік пен орнықты дамуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап мемлекеттік қызметтердің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесін, сондай-ақ Kaspi.kz пен биометриялық технологияларды қоса алғанда, финтех және цифрлық шешімдердің дамуын таныстырды.

The Beacon инновациялық-технологиялық хабында Елші Антверпеннің технологиялық компаниялары мен стартаптарының экожүйесімен танысты. Тараптар жасанды интеллект, заттар интернеті, киберқауіпсіздік, smart city және smart port, өнеркәсіптік цифрландыру, пилотсыз технологиялар және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. The Beacon мен Astana Hub арасында тікелей ынтымақтастық орнату, оның ішінде стартаптар алмасу, технологиялық matchmaking, бірлескен акселерациялық бағдарламалар және кейіннен Орталық Азияда ауқымын кеңейту мүмкіндігімен пилоттық жобаларды іске асыру ұсынылды.

Сапардың жеке бағыты Антверпен-Брюгге портының халықаралық даму жөніндегі директоры Вим Дилленмен кездесу болды. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту және Антверпен-Брюгге порты мен Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арасында тікелей өзара іс-қимыл орнату мәселелерін талқылады.

Практикалық бағыттар ретінде порт инфрақұрылымын басқару және цифрландыру, мультимодальды логистика, smart-port технологиялары, декарбонизация және порт мамандарын даярлау салаларында тәжірибе алмасу ұсынылды. Қазақстандық мамандарды Антверпеннің бейінді орталықтары базасында оқыту мүмкіндігі, сондай-ақ Антверпенді қазақстандық металдар, критикалық шикізат, мұнай-химия және агроөнеркәсіп өнімдері үшін еуропалық логистикалық және дистрибуциялық хаб ретінде пайдалану мәселесі жеке қарастырылды. Перспективада Антверпен-Брюгге, Ақтау және Құрық порттары арасында ынтымақтастық туралы негіздемелік құжат жасасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кездесулер барысында 2026 жылдың күзіне жоспарланған Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары да талқыланды. Антверпеннің іскер топтарының өкілдері Астанада өтетін Қазақстан-Бельгия бизнес-форумына қатысуға және сапар мүмкіндігін қазақстандық компаниялармен және мемлекеттік құрылымдармен жаңа тікелей байланыстар орнату үшін пайдалануға шақырылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар диалогтан нақты инвестициялық, технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларға көшуге, сондай-ақ Қазақстан мен Антверпеннің компаниялары, порттары, инновациялық хабтары және муниципалдық құрылымдары арасында тікелей байланыстарды дамытуға мүдделілігін растады.

Анықтама: Антверпен провинциясы Бельгия мен Еуропаның ірі өнеркәсіптік, логистикалық және инновациялық орталықтарының бірі болып табылады. Оның ЖІӨ-сі 2024 жылы шамамен 117,8 млрд еуроны құрады, бұл Бельгия ЖІӨ-сінің (620,3 млрд еуро) шамамен 19%-ына сәйкес келеді және провинцияны елдің ең ірі экономикалық орталықтарының біріне айналдырады. Өңір экономикасы порттық логистикаға, химия және мұнай-химия өнеркәсібіне, машина жасауға, фармацевтикаға, озық технологиялар мен инновацияларға маманданған. VOKA Antwerpen-Waasland өнеркәсіптік желісі BASF, INEOS, ExxonMobil, TotalEnergies, Atlas Copco, Katoen Natie, Indaver және Umicore компанияларын қоса алғанда, 300-ге жуық өндірістік компанияны біріктіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1297745?lang=ru