Қазақстан Нью-Йоркте жасанды интеллект саласындағы кадр даярлау тәжірибесімен бөлісуде
2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қазақстан Нью-Йоркте жасанды интеллект саласындағы кадр даярлау тәжірибесімен бөлісуде

25.09.2026 23:21:36 310

Нью-Йорк, 2026 жылғы 24 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында өтіп жатқан жоғары деңгейлі апталық шеңберінде Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) ұйымдастырған AI Skills Coalition жоғары деңгейлі кездесуінде Қазақстан жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы адами капиталды дамытудың ұлттық тәсілін таныстырды.

Кездесуді ашқан ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында қажетті білім мен дағдыларға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету негізгі жаһандық сын-қатерлердің біріне айналып отырғанын атап өтті. ХЭО бағалауы бойынша, 2030 жылға қарай жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін шамамен 1,2 млрд адамды базалық цифрлық дағдыларға оқыту қажет.

Іс-шарада Қазақстан атынан ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму Вице-министрі Досжан Мұсалиев сөз сөйледі. Ол мектептегі білім беру мен кәсіптік оқытудан бастап ғылыми зерттеулер мен технологиялық кәсіпкерлікке дейінгі ЖИ мамандарын жүйелі даярлау туралы айтып берді.

Қазақстанның басты мақсаттарының бірі – алдағы бес жыл ішінде 5 млн-нан астам адамды цифрлық және ЖИ дағдыларына оқыту. Осы мақсатта AI Sana, Tomorrow School, AI Olympiad және Tech Orda бағдарламалары, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер мен басшыларға арналған мамандандырылған бағдарламалар іске асырылуда.

Бүгінде Қазақстандағы 79 жоғары оқу орны ақпараттық технологиялар (IT) және жасанды интеллект салаларында білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда, оларда 76 мыңнан астам студент білім алуда. Alem.ai халықаралық орталығы білім беру, зерттеу және стартап бастамаларын біріктіріп, заманауи есептеу инфрақұрылымына қолжетімділік ұсынады. Tech Orda бағдарламасы бойынша 12 мыңнан астам адам оқудан өтті, ал түлектердің 90%-дан астамы жұмысқа орналасты.

Талқылауға Тринидад және Тобаго, Пәкістан және Доминикан Республикасының өкілдері, сондай-ақ ХЭО, БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік банк, технологиялық компаниялар мен білім беру қауымдастығының өкілдері қатысты.

AI Skills Coalition кездесуі жекелеген білім беру бастамаларынан ЖИ құзыреттерін ауқымды дамытуға және ұлттық экожүйелерді нығайтуға көшу мәселелеріне арналды. Қазақстан осы жұмысқа белсенді қатысуға және жасанды интеллект экономикасы үшін кадр даярлау бойынша өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1298651?lang=ru