Қазақстанда Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды

Қазақстанда Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды

28.09.2026 19:18:31 201

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан Starlink Mobile компаниясымен бірлесіп Direct to Cell технологиясы арқылы спутниктік мобильді байланысты іске қосады. Бұл технология жерүсті мобильді байланыс қамту аймағынан тыс жерде үйлесімді смартфон арқылы байланыс қызметтерінің жекелеген түрлерін пайдалануға мүмкіндік береді.

Starlink Mobile технологиясын енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде жүзеге асырылды. Сол жылдың қараша айында Министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, ал желтоқсан айында алғашқы практикалық сынақтар өткізілді.

«2025 жылдың күзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында Қазақстан Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік байланысын енгізу жөнінде келісімге келді. Бүгінде сол келісімнің нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан Орталық Азияда Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткізіліп, енді пайдаланушыларға арналған қызмет ретінде іске қосылған алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа еніп, адамдарға пайда әкеле бастағаны маңызды», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпей, үйлесімді смартфонды Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктеріне тікелей қосуға мүмкіндік береді. Пайдаланушыларға жерүсті мобильді желісі мүлдем жоқ аймақтарда хабарламалар жіберу және қабылдау, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалану мүмкіндігі беріледі. Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

Спутниктік байланыс жерүсті мобильді инфрақұрылымын толықтырып, шалғай аудандарда, қала сыртындағы трассаларда және таулы жерлерде байланыс мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қосылу жерүсті байланысы болмаған жағдайда және спутникпен байланыс орнатуға қажетті жағдайлар болған кезде мүмкін болады.

Қазақстанның аумағы кең екенін ескерсек, спутниктік мобильді байланысты дамыту ерекше маңызға ие. Технология шалғай және жетуі қиын жерлерден хабарлама жіберуге, сондай-ақ жерүсті инфрақұрылымы зақымданған жағдайда байланыста болуға қосымша мүмкіндік береді. Бұл қызмет туристерге, шалғай елді мекендердің тұрғындарына, жол және коммуналдық қызметтердің қызметкерлеріне, елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін мамандарға пайдалы болуы мүмкін.

«Beeline Қазақстанда жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде біз байланыс пен жаңа технологияларды дамытуға тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. Қазақстан аумағы бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі, ал қашықтық адамдардың заманауи технологияларға қол жеткізуіне кедергі болмауы тиіс. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту - елдің бәсекеге қабілеттілігі мен өмір сүру сапасына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция», - деді қазақстандық кәсіпкер, «Верный Капитал» тобының инвесторы Болат Өтемұратов.

«Спутниктік мобильді байланысты іске қосу - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Beeline Қазақстан командасының және Starlink мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Beeline Қазақстанда бұл технологияны алғаш болып іске қосып отыр. Ол мобильді байланыстың мүмкіндіктерін қолданыстағы қамту аймағынан тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Ұзақ әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі енді қазақстандықтардың күнделікті пайдалануына қолжетімді. Біз бұрын байланыста болу мүмкін болмаған жерлерде де байланыста қалуға мүмкіндік беретін қарапайым әрі жаңа байланыс деңгейін ұсынамыз», - деді Beeline Қазақстан компаниясының CEO-сы Джаббор Каюмов.

Жоба Министрлік, Beeline Қазақстан және Starlink компанияларының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылуда. Ынтымақтастықтың тағы бір негізі - Beeline Қазақстанның бақылау пакетін иеленетін VEON тобы мен Starlink арасындағы жаһандық негіздемелік келісім.

Технологияны қалай пайдалануға болады

Қазіргі кезеңде қызметке Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін үйлесімді құрылғылар арқылы қосылуға болады. Алдағы уақытта басқа операциялық жүйелерді қолдауды кеңейту жоспарланып отыр.

Қызметті пайдалану үшін Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңартып, қосымшада Starlink қызметін іске қосу және телефон баптауларынан деректер роумингін қосу қажет. Жерүсті байланысы болмаған жағдайда спутниктік желіні қолмен таңдауға болады: Beeline Starlink. Кей жағдайда ол 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1299787?lang=ru