Парижде Қазақстанның көпполярлылық жағдайында орта держава ретіндегі рөлі талқыланды
29.09.2026 04:49:05 256
Париж, 2026 жылғы 23 қыркүйек – Францияның халықаралық және стратегиялық қатынастар институтында (IRIS) Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Қазақстан – көпполярлылықжағдайындағы еуразиялық орта держава» тақырыбында конференция өтті.
Конференцияда Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтының (INALCO) Орталық Азия тарихы профессоры Катрин Пужоль, Париж-Саклеуниверситетінің оқытушысы Адриен Фов және IRIS ғылыми қызметкері, «Энергетика және шикізат ресурстары» бағдарламасының тең жетекшісі Сами Рамдани сөз сөйледі. Пікірталасқа IRIS зерттеулер жөніндегі директоры, Посткеңестік кеңістіктің геосаяси обсерваториясының жетекшісі Люка Обен модераторлық етті. Қорытынды сөзді Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова сөйледі.
Талқылау барысында қалыптасып келе жатқан көпполярлыхалықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстанның рөлі, оның дипломатиясының ерекшеліктері, әлемнің жетекші күш орталықтарымен қарым-қатынасы, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік, көлік байланыстылығы және өңірлік ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
К.Пужоль Қазақстанның сыртқы саясатының дәйектілігі мен прагматикалық сипатын, елдің халықаралық диалог алаңы ретіндегі рөлін, сондай-ақ ядролық қарусыздану мен таратпау ісіне қосқан үлесін атап өтті.
А.Фов Қазақстанның тәуелсіздіктің 35 жылы ішінде қол жеткізген негізгі сыртқы саяси жетістіктеріне шолу жасап, қазақ-француз қатынастарының дамуына, елдің екіжақты және көпжақты форматтардағы белсенді дипломатиясына, соның ішінде «Орталық Азия +» тетіктеріне қатысуына және Астананың халықаралық диалог алаңы ретіндегі өсіп келе жатқан рөліне назар аударды.
С.Рамдани Қазақстан геосаясатының энергетикалық қырларына тоқталып, энергетикалық ауысу, атом энергетикасы, әріптестік пен экспорттық бағыттарды әртараптандыру мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанның Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі мен Орта дәлізді дамытудағы маңызын атап өтті.
Қорытынды сөзінде Елші Г.Арыстанқұлова Қазақстандағы саяси және институционалдық өзгерістер, соның ішінде жаңа Конституцияның күшіне енуі, бір палаталы Парламенттің жұмысын бастауы және Халық кеңесінің құрылуы туралы баяндады. Реформалардың мемлекетті одан әрі жаңғыртуға, оның институттарын нығайтуға және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ Қазақстанның орта держава ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын және ұлттық мүдделер мен өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген теңгерімді әрі прагматикалық сыртқы саясатын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың перспективаларына назар аударылды.
Конференция француз жұртшылығының зор қызығушылығын тудырып, оған 200-ге жуық адам, соның ішінде сарапшылар мен талдаушылар, іскер топтардың өкілдері, IRIS тыңдаушылары, француз жоғары оқу орындарының студенттері мен докторанттары қатысты. Пікірталас барысында Елші мен спикерлер аудиторияның Қазақстан сыртқы саясатының өзекті мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-paris/press/news/details/1300133?lang=ru