Қазақстан Giga мастер-классында спутниктік байланысты дамыту тәжірибесімен бөлісуде

Қазақстан Giga мастер-классында спутниктік байланысты дамыту тәжірибесімен бөлісуде

29.09.2026 16:01:16 192

Женева, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстан Халықаралық электр байланысы одағы (ХЭО) мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бірлескен Giga бастамасы аясында ұйымдастырылған Giga Learning Hub алғашқы мастер-классына қатысты.

«Ауылдық мектептерді Интернетке қосу үшін спутниктік технологияларды пайдалануды тиімді реттеу» тақырыбындағы мастер-класс спутниктік байланысты реттеу және шалғай аумақтарды Интернетке қосу саласындағы практикалық тәжірибе алмасуға арналды.

Giga-ның шақыруымен Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің өкілі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, спутниктік технологияларды қолдану және цифрлық алшақтықты қысқарту бойынша Қазақстанның ұлттық тәжірибесін таныстырды.

Сөз сөйлеу барысында 2024–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасының негізгі бағыттары ұсынылды. 2027 жылдың соңына қарай Қазақстан халықтың 100%-ын Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл ретте ауылдық елді мекендердің 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты Интернетпен, ал ең шалғай елді мекендер спутниктік байланыс арқылы қамтылатын болады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда спутниктік Интернеттің үш операторы жұмыс істейді, тағы екі компанияның нарыққа шығуы күтілуде. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін мобильді байланыстың қолжетімділігін одан әрі кеңейту мақсатында Direct-to-Cell (D2C) технологиясын іске қосу жоспарлануда.

Анықтама үшін: Giga – мектептерді Интернетке қосуға бағытталған ХЭО мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен бастамасы. Giga Learning Hub Masterclass сериясы цифрлық байланыстылық саласындағы практикалық шешімдермен алмасу үшін мемлекеттік органдардың, реттеушілердің және салалық сарапшылардың өкілдерін біріктіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1300515?lang=ru