Қазақстан мен ДЗМҰ зияткерлік меншік және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен ДЗМҰ зияткерлік меншік және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

29.09.2026 16:01:21 194

Женева, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, зияткерлік меншік жүйесін цифрландыруға, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге және елдің инновациялық экожүйесін нығайтуға ерекше назар аударды.

Атап айтқанда, ұлттық цифрлық платформалардың ДЗМҰ құралдарымен одан әрі ықпалдасуы, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жүргізу барысында жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелері қаралды. Тараптар алдағы Жаһандық инновациялар индексінің жариялануын да талқылады. ДЗМҰ-мен бірлесіп Қазақстанның инновациялық жүйесінің дамуын көрсететін тиісті ұлттық деректер мен индикаторларды өзектендіру бойынша жүргізілген жұмыс атап өтілді. Қазақстан тарапы атқарылған жұмыс пен ұлттық инновациялық экожүйені дамытудағы қол жеткізілген ілгерілеу алдағы Индекс нәтижелерінде көрініс табатынына үміт білдірді.

ДЗМҰ-ның зияткерлік меншік және жасанды интеллект жөніндегі Жаһандық форумына дайындыққа ерекше назар аударылды. Форум 2026 жылғы 9–10 қарашада Женевада өтеді. Қазақстан Форум жұмысына, оның ішінде отандық жасанды интеллект саласының өкілдерін тарта отырып, белсенді қатысуға мүдделі екенін растады. Қазақстанның Тұрақты өкілі іс-шара жұмысына төраға ретінде қатысады. Тараптар жасанды интеллект пен зияткерлік меншік жүйесінің өзара ықпалдастығына қатысты мәселелер бойынша халықаралық диалогтың ерекше өзектілігін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстанның WIPO City of Innovation Award сыйлығына қатысуы да талқыланды. Қазақстан Астана, Қонаев және Қарағанды қалаларының инновациялық және цифрлық дамуға қатысты әртүрлі тәсілдерін таныстыратын өтінімдерін ұсынды. Сыйлықтың қорытындылары 2026 жылғы 12 қазанда жарияланып, үш қалаға дейін жеңімпаз деп танылуы күтілуде. Марапаттау рәсімі Женевадағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде БҰҰ-ның 6-шы Мэрлер форумы (Sixth UN Forum of Mayors) аясында өтеді.

ДЗМҰ Бас директоры Қазақстанның Ұйыммен белсенді өзара іс-қимылын және екіжақты ынтымақтастықтың оң серпінін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар зияткерлік меншік, инновациялар және жаңа технологиялар саласындағы практикалық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1300512?lang=ru