Қазақстанның Самарқанд қаласындағы Бас консулы 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытынды іс-шараларына қатысты

Қазақстанның Самарқанд қаласындағы Бас консулы 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытынды іс-шараларына қатысты

30.09.2026 16:46:41 235

26-27 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасының Самарқанд қаласындағы Бас консулы Талғат Шәріпов Самарқанд қаласында өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының қорытынды іс-шараларына қатысты.

Іс-шаралар барысында Бас консул Қазақстанның әйелдер және ерлер құрамаларын Олимпиаданың аяқталуымен құттықтап, қазақстандық шахматшылардың жоғары деңгейдегі дайындығын, кәсібилігін және жеңіске деген жігерін атап өтті. Халықаралық аренада ұлттық құрамалардың лайықты өнер көрсетуіне үлес қосқан спортшыларға, жаттықтырушыларға және Қазақстанның шахмат мектебінің барлық өкілдеріне ерекше алғыс білдірілді.

Қазақстанның әйелдер құрамасы Олимпиада қорытындысы бойынша екінші орын алып, күміс медальдарға ие болды. Бұл нәтиже Қазақстандағы шахматтың даму деңгейінің жоғары екенін және отандық спорттың елеулі жетістігін көрсетті. Қазақстанның ерлер құрамасы да лайықты ойын көрсетіп, 15 командалық ұпай жинап, 25-орынға ие болды.

Талғат Шәріпов қазақстандық шахматшылардың жетістіктері Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін де маңызды екенін атап өтті. Спортшылардың жоғары нәтижелері өңірдің халықаралық беделін нығайтуға ықпал етіп, Орталық Азияның шахматты дамытудағы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының Самарқанд қаласында өткізілуі шахматты танымал етуге және Орталық Азия елдері арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды оқиға болды.

Бас консул сондай-ақ Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайлануымен құттықтады. Ол Қазақстан өкілінің әлемдегі ең ірі халықаралық шахмат ұйымының басшылығына сайлануын қазақстандық спорт үшін маңызды оқиға деп атап, бұл Қазақстанның шахмат саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалуының артып келе жатқанын көрсететінін айтты.

Тимур Турлов FIDE-нің сегізінші президенті және халықаралық шахмат ұйымын басқарған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды. Талғат Шәріпов оның сайлануы шахмат қозғалысын одан әрі дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және Орталық Азияның әлемдік шахмат қауымдастығындағы рөлін нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

FIDE қамқорлығымен өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы 2026 жылғы 15-27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті. Олимпиада Орталық Азияда алғаш рет өткізілуімен тарихи маңызға ие болды. Жарысқа жүздеген команда қатысып, жүлделер ашық (ерлер) және әйелдер секцияларында сарапқа салынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-samarkand/press/news/details/1301380?lang=ru