Егін жинау науқанының барысы талқыланды

Егін жинау науқанының барысы талқыланды

30.09.2026 21:19:01 298

Бүгін аудан басшысы Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібіне сәйкес егін жинау науқанының барысы және жылу беру маусымына дайындық мәселелері қаралды.

Биыл аудан бойынша барлығы 25 мың 475 гектар жерге егіс орналастырылып, оның ішінде 11 мың 449 гектарға күріш егілген. Қыркүйек айының басынан күрішке орақ түсіп, бүгінге дейін 9 мың 114 гектар күріш орылды. Орылған алқаптардан гектарына орташа 42,2 центнерден өнім алынып, қамбаға 28 мың 185 тонна астық құйылған.

Осыған байланысты аудан әкімі:

«Ендігі маңызды мәселе – диқандардың жаздайғы еңбегін төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай уақытылы жинап алу. Сондай-ақ егін жинау және тасымалдау барысында қауіпсіздік шараларын қатаң сақталуын қадағалау қажет», – деп астықты ысырапсыз жинаудың маңыздылығын айтты.

Сонымен қатар егістікті әртараптандыру және суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін арттыру мәселесі қаралды. Осы мақсатта аудан бойынша атқарылған жұмыстар нәтижесінде 733 гектар жерге дәндік жүгері орналастырылып отыр. Осы ретте Жандос Еркінбек күтілетін өнім көлемін және шаруашылықтарды қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету жағдайын нақтылады.

Сондай-ақ мәжілісте шаруашылықтар тарапынан жалпы ұзындығы 88,5 шақырым болатын 12 каналды бетондау бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларының толық қамтамасыз етілуі және егін жинау жұмыстарымен қатар мал азығын дайындау мәселесін де назардан тыс қалдырмау қажеттігі айтылып, бұл бағыттағы мәселелерді алдын-ала пысықтау тапсырылды.

Жиынның күн тәртібінен тыс мәселесінде жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Қазір спорт және денсаулық сақтау салаларының нысандарында әзірлік паспорттары толық алынған.

«Жылу беру маусымына дайындық – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Осы жұмыстарды жеделдетіп, барлық қажетті шараларды белгіленген мерзімге дейін аяқтау қажет», – деді аудан әкімі.

Мәжіліс соңында қаралған мәселелер бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1301528?lang=ru