Жапонияның билеуші партиясы «Әділет» партиясымен ынтымақтастық орнатуға дайындығын растады
02.10.2026 00:48:07 370
Токио, 2026 жылғы 1 қазан – Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның Либералды-демократиялық партиясының (ЛДП) Бас хатшысы Шюничи Судзукимен кездесу өткізді.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны бір палаталы Құрылтай қызметінің негізгі басымдықтарымен, соның ішінде заңнамалық үдерісті жетілдіру және атқарушы билікке парламенттік бақылауды күшейту шараларымен таныстырды. Жапон саясаткері сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы күн тәртібі және ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы туралы ақпарат алды.
Өз тарапынан Ш.Судзуки «Әділет» партиясының басшысы, ҚР Құрылтайының Төрағасы Айбек Дәдебайдың атына партияның ағымдағы жылғы 23 тамызда өткен сайлаудағы жеңісімен құттықтау хатын табыс етті. Жолдауда жапон тарапы Құрылтай сайлауындағы сайлаушылардың жоғары белсенділігі елде жүріп жатқан институционалдық өзгерістерге деген үлкен қызығушылықты айғақтайтынын және қазақстандық қоғамның жоғары үмітін көрсететінін атап өтті.
Ш.Судзуки Жапонияда Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды мұқият қадағалап отырғанын мәлімдеп, «Әділет» партиясы мен Жапонияның жетекші саяси күші ретіндегі Либералды-демократиялық партия арасында партиялық диалогты жолға қоюға дайын екенін растады. Оның айтуынша, Токио әлемдегі сақталып отырған экономикалық турбуленттілік жағдайында Қазақстанды энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы маңызды серіктес ретінде қарастырады.
Анықтама: Премьер-министр Санаэ Такаичи төрағалық ететін Жапонияның Либералды-демократиялық партиясы елдің екі палаталы Парламентінде 400-ден астам орынға ие. ЛДП иерархиясында Бас хатшы партиядағы екінші тұлға және оның ішкі ұйымдастыруын, қаржысын және партиялық тәртібін басқаратын негізгі қайраткер болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tokyo/press/news/details/1302500?lang=ru