Алматыда әскери институт курсанттары Қазақстанның тұңғыш байланыс әскерлері генералына барды
02.10.2026 20:32:24 251
Халықаралық қарттар күніне орай Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары Қазақстанның алғашқы байланыс әскерлері генералы, отставкадағы генерал-майор Мүбарак Орынбековпен кездесті.
Әскери жоғары оқу орнының өкілдері Қарулы күштер ардагеріне елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, мықты денсаулық пен амандық тіледі.
– Біз Мүбарак Орынбековты мерекемен құттықтап, өзіміздің құрметімізді білдіріп, батасын алуға келдік. Болашақ әскери байланыс мамандары ретінде оның тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің біз үшін маңызы зор. Онымен болған әрбір кездесу таңдаған мамандығымыздың жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, – деді 3-курс курсанты Мирас Бисембаев.
Жылы жүздесудің соңында генерал курсанттарға көңіл бөліп, құттықтап келгені үшін алғысын білдіріп, оқулары және алдағы әскери қызметтеріне сәттілік тіледі.
– Көңіл бөліп, жылы лебіздеріңізді білдіргендеріңізге рақмет. Жақсы оқып, елге адал қызмет етулеріңізге тілектеспін. Білім мен жауапкершілік әскери қызметтегі басты тіректеріңіз болсын, – деді ол.
Генерал-майор Мүбарак Орынбеков тәуелсіз Қазақстандағы әскери байланыс жүйесінің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Ол он бір жыл бойы Қарулы күштердің Байланыс әскерлерін басқарып, басқару және байланыс жүйесін құруға әрі жетілдіруге үлес қосты. Жалпы, әскери қызметке қырық жылдан астам уақытын арнады.
Бүгінде ардагер өзінен кейінгі әскери байланыс мамандарына жинақтаған мол тәжірибесін үйретіп келеді. Курсанттар үшін бұл – өз мамандығының тарихын оның бастауында тұрған тұлғадан тыңдап, офицерлік қызметтің дәстүрлерін үйренуге берілген құнды мүмкіндік.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1303181?lang=ru