Қазақстан мен Қасиетті Тақтың II Бірлескен коллоквиумы «Денсаулық пен бейбітшілік жолындағы күш-жігерді біріктіру: осал балаларды қорғау – ортақ басымдық»

Қазақстан мен Қасиетті Тақтың II Бірлескен коллоквиумы «Денсаулық пен бейбітшілік жолындағы күш-жігерді біріктіру: осал балаларды қорғау – ортақ басымдық»

02.10.2026 22:19:09 481

2026 жылғы 2-3 қазанда Астана қаласында Қазақстанның Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы ұйымдастыратын «Денсаулық пен бейбітшілік жолындағы күш-жігерді біріктіру: осал балаларды қорғау – ортақ басымдық» тақырыбындағы II Бірлескен коллоквиум өтеді.

Коллоквиум Қазақстан Республикасының Вице-Президенті – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Ерлан Қариннің және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакадтың тең төрағалығымен өтеді.

Іс-шараға Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ресми өкілдері, діни қайраткерлер, педиатрия, биоэтика және теология салаларының мамандары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысады.

Коллоквиум бағдарламасы үш негізгі бағытты қамтиды: балаларға қамқорлық көрсетудің адамгершілік негіздері және дінаралық ынтымақтастық; жазылмайтын ауруларға шалдыққан балалардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау; медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықты дамыту. Сонымен қатар педиатрияда жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктеріне және оны пайдаланудың этикалық қағидаттарына ерекше назар аударылады.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі адам қадір-қасиетін құрметтеу, балаға кешенді көмек көрсету және оның отбасына жан-жақты қолдау көрсету қағидаттарына негізделген Жазылмайтын ауруға шалдыққан баланың құқықтары туралы хартияның жобасы болмақ. Қазақстан тарапы сондай-ақ күрделі өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетудің нақты үлгісі ретінде «Жусан» гуманитарлық операциясының тәжірибесін таныстырады.

II Бірлескен коллоквиум Қазақстанның Конфессияаралық және дінаралық диалог халықаралық орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы арасындағы тікелей өзара іс-қимылдың маңызды тетігі болып табылады. Алғашқы Коллоквиум 2024 жылғы сәуірде Ватиканда өткен болатын.

Аталған формат Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы дінаралық диалогты нығайтуға, бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге және адам қадір-қасиетін қорғауға бағытталған кең ауқымды ынтымақтастық күн тәртібінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1303250?lang=ru