КТС бойынша аванстық төлемдердің тәртібі мен шекті мәндерінің өзгеруі туралы
03.10.2026 04:18:02 189
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша аванстық төлемдерді есептеу және төлеу кезіндегі негізгі қағидалар мен өзгерістер туралы хабардар етеді.
Аванстық төлемдерді кімдер төлеуге міндетті
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (ҚР СК) 348-бабына сәйкес, алдыңғы салық жылының алдындағы кезең үшін түзетулерді ескере отырып, жиынтық жылдық кірісі (ЖЖК) айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 600 000 еселенген мөлшерінен асатын заңды тұлғалар аванстық төлемдерді төлейді.
Аванстық төлемдерді төлеуден мыналар босатылады:
- кірістері 600 000 АЕК шегінен аспайтын салық төлеушілер;
- жаңадан құрылған салық төлеушілер – ағымдағы және одан кейінгі салық жылы ішінде;
- ҚР СК 329-бабының 1-тармағы мен 330-бабының ережелерін қолданатын коммерциялық емес ұйымдар;
- ҚР СК 331-бабының талаптарына сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары;
- «Астана ХАБ» қатысушылары;
- ҚР СК 348-бабы 1-тармағының 7–9) тармақшаларында көрсетілген өзге де салық төлеушілер.
Есептеу және есептілікті тапсыру тәртібі
I тоқсан (қаңтар, ақпан, наурыз): декларацияны тапсырғанға дейін аванстық төлемдер есебін (СЕН 101.01) ұсыну жойылды. Аванстық төлемдерді есептеуді салық органы алдыңғы кезеңдегі аванстар сомасының 1/12 мөлшерінде автоматты түрде жүргізеді (ҚР СК 349-бабы).
II–IV тоқсандар (сәуір – желтоқсан): салық төлеушілер декларациядан кейінгі аванстық төлемдер есебін (СЕН 101.02) ағымдағы жылдың 20 сәуірінен кешіктірмей ұсынады (ҚР СК 350-бабы).
Сомаларды түзету: болжамды кіріс сомалары өзгерген жағдайда салық төлеуші есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанына дейін қосымша есепті (СЕН 101.02) ұсынуға құқылы.
Төлеу мерзімдері және әкімшілік жауапкершілік
Аванстық төлемдер ай сайын әр айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленеді.
Салық кезеңінің қорытындысы бойынша іс жүзінде есептелген КТС сомасының аванстық төлемдер сомасынан 20 пайыздан астам артуы Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 278-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады (асқан соманың 20%-ы мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде).
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге КТС бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомаларын уақтылы түзетуді ұсынады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-almaty/press/news/details/1303459?lang=ru