Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЭЫДҰ сарапшыларының дәрісіне 350-ге жуық тыңдаушы қатысты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЭЫДҰ сарапшыларының дәрісіне 350-ге жуық тыңдаушы қатысты

03.10.2026 17:34:21 184

2026 жылғы 1 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдерімен екінші кездесу өтті. Бұл жолы ЭЫДҰ сарапшылары студенттерге арналған ашық дәріс өткізіп, оған 350-ге жуық тыңдаушы қатысты.

Іс-шара бір күн бұрын ЭЫДҰ өкілдері мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы арасында басталған кәсіби диалогтың жалғасы болды. Алғашқы кездесу оқытушыларға және адалдық қағидаттарын білім беру бағдарламаларына енгізу мүмкіндіктеріне бағытталса, екінші кездесу студенттер аудиториясына арналды.

Дәріс ЭЫДҰ-ның «Fair Market Conditions for Competitiveness in Kazakhstan» жобасы аясында ұйымдастырылып, «Introduction to Integrity / Integrity in the Private Sector» тақырыбына – адалдық қағидаттары мен олардың жеке сектордағы маңызына арналды.

Студенттер алдында Уильям Томпсон (William Tompson) – ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы, Селест Лапорт-Таламон (Céleste Laporte-Talamon) – Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі талдаушы және Егор Полищук (Egor Polishchuk) – Орталық Азия бойынша саясат жөніндегі кіші талдаушы сөз сөйледі.

Дәрістің басында сарапшылар студенттерді ЭЫДҰ қызметінің негізгі бағыттарымен және Қазақстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықтың дамуымен таныстырды. Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы 2008 жылдан бері белсенді дамып келе жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан ЭЫДҰ-ның Еуразиядағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағдарламасы және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдеріне арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл желісі секілді бірқатар өңірлік бастамаларға қатысады.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі integrity – адалдық және парасаттылық ұғымы болды. ЭЫДҰ сарапшылары оны ашықтыққа, есептілікке және адал қызмет жүргізуге деген тұрақты ұстаным ретінде қарастырды. Дәріс барысында парақорлық, мүдделер қақтығысы, тендерлер кезіндегі сөз байласу және заңсыз төлемдер сияқты адалдық қағидаттарына қайшы келетін тәжірибелер талқыланды.

Сондай-ақ адалдық қағидаттарының жеке сектор мен жалпы экономика үшін маңыздылығына ерекше назар аударылды. Сарапшылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бәсекелестікке, тікелей шетелдік инвестицияларға, халықаралық саудаға және ұзақ мерзімді экономикалық өсуге ықпалын талқылады. Қазақстан экономикасының ерекшеліктері мен бизнесті жүргізу үшін тең әрі ашық жағдай қалыптастыру мәселелері де қарастырылды.

Студенттер ЭЫДҰ-ның негізгі халықаралық құралдарымен, соның ішінде Көпұлтты кәсіпорындардың жауапты бизнес жүргізуіне арналған ЭЫДҰ нұсқаулықтарымен, ЭЫДҰ-ның парақорлыққа қарсы конвенциясымен және жауапты бизнес жүргізудегі тиісті тексеру жөніндегі ЭЫДҰ нұсқаулығымен танысты. Практикалық мысалдар арқылы халықаралық стандарттардың компаниялардың мемлекеттік органдармен, серіктестермен, жеткізушілермен және жергілікті қауымдастықтармен қарым-қатынасында қалай қолданылатыны көрсетілді.

Іс-шараның маңызды бөлігі практикалық кейстерді талқылауға арналған воркшоп болды. Оның барысында студенттер дәрісте алған білімдерін нақты жағдайларға қолдануға мүмкіндік алды. Жалпы бағдарлама алты негізгі бағытты қамтыды: ЭЫДҰ және Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы ынтымақтастық, адалдық ұғымы, оның жеке сектор үшін маңызы, ЭЫДҰ құралдары, Қазақстан бойынша ЭЫДҰ зерттеулерінің нәтижелері және практикалық кейстерді талдау.

Кездесуге 350-ге жуық тыңдаушының қатысуы тақырыпқа деген жоғары қызығушылықты көрсетті. Студенттер халықаралық сарапшылармен тікелей пікір алмасып, ЭЫДҰ тәсілдері мен халықаралық стандарттарымен танысуға, сондай-ақ ашықтық, жауапкершілік және адалдық қағидаттарының болашақ экономистер, менеджерлер, кәсіпкерлер мен мемлекеттік сектор мамандары үшін маңызын талқылауға мүмкіндік алды.

Сапар бағдарламасы аясында ЭЫДҰ өкілдері үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кампусы бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар университеттің инфрақұрылымымен танысып, ҚазҰУ музейін аралады. Музейде оларға университеттің қалыптасу және даму тарихы, негізгі жетістіктері, сондай-ақ Қазақстандағы білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі таныстырылды.

Кампус-турдың ерекше бөліктерінің бірі – қонақтардың ҚазҰУ суперкомпьютерлік кешеніне баруы болды. ЭЫДҰ өкілдері университеттің заманауи есептеу инфрақұрылымымен, оның ғылыми зерттеулер жүргізу, ауқымды деректерді өңдеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктерімен танысты.

ЭЫДҰ сарапшыларын, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді біріктірген екі күндік бағдарлама халықаралық кәсіби және академиялық диалог үшін маңызды алаңға айналды. Сапар ЭЫДҰ өкілдеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім беру, ғылыми және технологиялық әлеуетімен кеңінен танысуға мүмкіндік беріп, университет пен ЭЫДҰ арасындағы білім беру, ғылыми зерттеулер және жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын ілгерілету бағыттарындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалады.

https://farabi.university/news/107113?lang=kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-unesco/press/news/details/1303934?lang=ru