Маңғыстау облысы Kazakhstan Travel Forum алаңында өңірдің туристік әлеуетін таныстырды
03.10.2026 19:49:00 316
Астанада өткен Kazakhstan Travel Forum аясында жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Н.Е. Байжанов төрағалық етті.
Кездесудің негізгі тақырыптары туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту және шетелдік туристер ағынын арттыру мәселелеріне арналды. Қатысушылар өңірлердің инвестициялық бастамаларын, алдағы жылдары туристерді қабылдауға арналған инфрақұрылымның дайындығын және саладағы қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді талқылады.
Сонымен қатар өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға және туристік саланы дамытуға бағытталған бірлескен шешімдерді қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Отырыста Маңғыстау облысының атынан Туризм басқармасының басшысы Мәншүк Қабдықызы қатысты. Кездесу барысында өңірдің туристік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, сондай-ақ перспективалы жобаларды іске асыруға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігімен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар отырысқа қатысушылар тарапынан қолдау тапты.
Өңірдің жоғары туристік әлеуетін атап өткен отырыс төрағасы Маңғыстау облысын Қазақстандағы туризм бойынша №1 өңір ретінде атады.
Оның айтуынша, келу туризмін одан әрі дамыту және өңірлердің туристік тартымдылығын арттыру ресурстарды басым жобалар мен ең перспективалы туристік бағыттарға шоғырландыруды талап етеді.
Маңғыстау облысы үшін туристік саланы дамыту басым бағыттардың бірі болып қала береді. Табиғи және мәдени әлеуеті мол өңір туристік ағынды арттыруға, инвестиция тартуға және туризм саласындағы жаңа жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыру жұмыстарын жалғастыруда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-tourism/press/news/details/1304010?lang=ru