Қазақстан ДЗМҰ-ның жасанды интеллект және зияткерлік меншік жөніндегі Бірінші жаһандық форумына төрағалық етеді
04.10.2026 02:18:21 159
Женева, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан 2026 жылғы 9-10 қарашада Женевада өтетін Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) жасанды интеллект (ЖИ) және зияткерлік меншік жөніндегі Бірінші жаһандық форумына төрағалық етеді. Форум ҚР Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жанындағы және халықаралық экономикалық ұйымдардағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаевтың төрағалығымен өтеді.
Жаңа халықаралық алаң министрлерді, ұлттық ведомстволар басшыларын, технологиялық компаниялар, ғылыми орта және шығармашылық индустриялар өкілдерін біріктіреді. Талқылаудың негізгі тақырыптары – ЖИ әзірлеу кезінде шығармалар мен деректерді пайдалану, авторлар мен өнертапқыштардың мүдделерін қорғау, сондай-ақ жаңа технологиялар қалыптастыратын экономикалық құнды бөлу мәселелері.
Форумға дайындықтың алғашқы кезеңі ретінде бүгін, 2 қазанда ДЗМҰ штаб-пәтерінде мүше мемлекеттердің елшілеріне арналған брифинг өтті. Оны Тұрақты өкіл Қ. Төребаев ДЗМҰ Бас директорының көмекшісі Кен Нацумэмен бірлесіп өткізді. Қатысушылар Форумның мақсаттары мен бағдарламасын талқылады.
Тұрақты өкіл Қ. Төребаев жасанды интеллект дәуірінде зияткерлік меншік экономикалық дамудың негізгі құралдарының біріне айналып келе жатқанын атап өтті. Бұл саладағы шешімдер елдердің бәсекеге қабілеттілігіне, контент жасаушыларға тиісті сыйақы төлеуге және ұлттық инновацияларды дамыту мүмкіндіктеріне әсер етеді. Сонымен қатар, олар мәдени және тілдік әртүрлілікті сақтауға қатысты болғандықтан, бұл мәселелерді талқылау саяси және дипломатиялық деңгейде стратегиялық маңызға ие.
Пікірталас барысында елшілер технологияларға қолжетімділікті кеңейтуге, ұлттық құзыреттерді нығайтуға және цифрлық алшақтықты қысқартуға ерекше назар аударды. Адам шығармашылығын қорғау мен технологиялық дамуды қолдау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ дамушы және шағын мемлекеттердің инновациялық үдерістерге белсенді қатысуына мүмкіндік жасау қажеттігі талқыланды.
Тұрақты өкіл Қ. Төребаев мемлекеттерді Форумға дайындық жұмыстарына белсенді қатысуға, бейінді министрліктер мен ведомстволарды тартуға, практикалық тәжірибемен бөлісуге және талқылауға арналған тақырыптарды ұсынуға шақырды.
Қазақстан үшін Форум халықаралық қауымдастыққа жасанды интеллект және зияткерлік меншік саласындағы жетістіктерін таныстыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның ДЗМҰ-ның жаңа алаңына төрағалық етуі елдің инновациялар мен шығармашылықтың болашағы жөніндегі жаһандық диалогқа қатысуын нығайтып, халықаралық ынтымақтастық үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-wto/press/news/details/1304242?lang=ru