Қазақстанның саяси және экономикалық жаңғыруы Бернде талқыланды
04.10.2026 02:32:40 255
Берн, 2 қазан – Швейцарияда Қазақстанның конституциялық реформасы мен әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Конфедерацияның Федералдық жиналысының депутаттары, мемлекеттік органдарының, сарапшылар қауымдастығының және академиялық топтарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада барысында Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов жаңа Конституцияның қабылдануы, бір палаталы Құрылтайдың құрылуы және парламенттік сайлаудың нәтижелері, консультативтік орган – Халық Кеңесінің жұмысы, сондай-ақ Вице-президент институтының енгізілуі туралы хабардар етті.
Дипломат аталған қадамдар билік тармақтары арасындағы қатынастардың оңтайлы теңгерімін қалыптастыруға және олардың арасындағы өкілеттіктерді тиімді қайта бөлуге бағытталғанын атап өтті. Бұл Әділетті Қазақстан құру бағдары аясында экономиканы, адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияларды дамытуға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Қазақстан-Швейцария әріптестігінің барлық салада дәйекті әрі серпінді дамып келе жатқаны атап өтілді.
Еуразиялық кеңістіктегі байланыстарды нығайтуға, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және БҰҰ рөлін күшейтуге, өңірде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуге ұмтылатын орта держава ретінде Қазақстанның сыртқы саяси бағытының басымдықтарына ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның саяси трансформациясы мен экономикалық дамуының басымдықтары туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады. Пікірталас барысында екі ел арасындағы саяси диалогтың, соның ішінде белсенді парламентаралық өзара іс-қимылдың жоғары қарқыны, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету үшін елеулі әлеуеттің бар екені атап өтілді. 2025 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд долларды құрады, ал Қазақстан экономикасына салынған швейцариялық тікелей инвестициялардың жиынтық көлемі 36 млрд доллардан асты. Осы көрсеткіш бойынша Швейцария Қазақстандағы үшінші ірі шетелдік инвестор болып табылады. Федералдық жиналыстың төменгі палатасының депутаты Р. Бюхель, Лугано қаласы муниципалитетінің өкілі, Швейцария Парламентінің жоғарғы палатасының бұрынғы төрағасы Ф. Ломбарди, Федералдық экономика департаментінің кеңесшісі Й. Янссен, федералдық дипломатиялық қызмет пен Швейцария сыртқы саясат қауымдастығы басқармасының өкілдері де осы тұрғыда пікір білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bern/press/news/details/1304250?lang=ru