Туризм саласынан Алматы облысының бюджетіне 4 млрд теңгеге жуық табыс түсті

Туризм саласынан Алматы облысының бюджетіне 4 млрд теңгеге жуық табыс түсті

05.10.2026 14:33:00 221

Туризм саласы Алматы облысының бюджетіне қомақты кіріс әкеліп отыр. Биылғы сегіз айда саяхатшылардың есебінен қазынаға 3,9 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3 пайызға көп. Былтыр алғашқы жарты жылдықта бюджетке 2,8 млрд теңге түскен.

Салық түсімінің өсуіне туристер санының артуы мен оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің көбеюі әсер етіп отыр. Мәселен, биыл қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақ үйлер мен демалыс орындары 263 776 туристі қабылдаған. Осы кезеңде қонақтарға көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңге болған. Яғни бір жылда қызмет көлемі 30,5 пайызға артқан.

Туристер көбейген сайын оларды қабылдайтын нысандардың саны да артып келеді. Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, былтыр облыста туристерді қабылдайтын 285 нысан болса, биыл олардың саны 308-ге жеткен.

«Әрбір турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Ол қонақ үйде тоқтайды, тамақтанады, көлік пайдаланады, экскурсияға барады, жергілікті жерден тауар сатып алады. Яғни турист келген сайын жергілікті кәсіпкерлердің де табысы артады. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салықты көбейтеді. Биыл алғашқы сегіз айда туризмнен бюджетке 3,9 млрд теңге түсті. Туризм өңір қазынасына табыс әкеліп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беретін маңызды сала. Сондықтан туристер санын арттырумен қатар, олардың өңірде көбірек уақыт өткізіп, сапалы қызмет алуына жағдай жасауға мән береміз», – деді Қуанышбек Мирамбекұлы.

Алматы облысының көрікті жерлерін көруге шетелдік туристер де көптеп келе бастады. «eQonaq» жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында.

Туристер ең көп келген жерлер «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктері болды. Жалпы, аталған үш ұлттық паркке биылғы сегіз айда 1,92 миллион турист келген. Оның ішінде «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне – 1 324 393, Көлсай көлдеріне – 399 063, «Шарын» шатқалына – 202 117 адам барған. Сондай-ақ, биыл Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауына 2 миллион демалушы келді. Бүгінде облыста туризм саласында 48 туроператор мен 24 гид жұмыс істейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1304659?lang=ru