Қазақстан мен Эфиопия әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Қазақстан мен Эфиопия әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

05.10.2026 21:22:43 177

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 3 қазан – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі Ж.Әділбаев «Ethiopian Airlines» ұлттық әуе компаниясының Вице-президенті Л.Ядечамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылады.

Қазақстан Елшісі Қазақстан мен Эфиопияның тиісінше Орталық Азия мен Шығыс Африкадағы экономикалық дамудың көшбасшылары болып табылатынын атап өтті. Осы тұрғыда ол Қазақстан азаматтарының Африка құрлығына және бірегей табиғи ландшафтарымен, төл мәдениетімен әрі сан ғасырлық тарихи мұрасымен тартымды туристік бағыт саналатын Эфиопияға деген қызығушылығы артып келе жатқанын баса айтты. Қазақстандық дипломат сондай-ақ Эфиопияның бүкіл әлемге және Қазақстанға саяхатшыларды баурап алатын кофенің отаны әрі «адамзат бесігі» ретінде танымал екенін атап өтті. Сонымен қатар ол екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды дамытуға деген ықыластың да жоғары екенін мәлімдеді.

Осыған байланысты Ж.Әділбаев Қазақстанның екі ел астаналары мен ірі қалалары арасында тікелей әуе қатынасын орнату мақсатында әуе компаниясымен ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде әуе компаниясының вице-президенті Африка құрлығындағы ең ірі, қарқынды дамып келе жатқан әрі зор әлеуетке ие «Ethiopian Airlines» компаниясы Эфиопия мен Қазақстан арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін оң қарастыруға дайын екенін білдірді. Ол сондай-ақ әуе компаниясының авиаиндустрияны дамыту саласындағы көпжылдық тәжірибесімен қазақстандық тараппен бөлісуге және өзара тиімді, ұзақмерзімді әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қазақстан Елшісі сұхбаттасушысына XVIII БРИКС саммиті аясында өткен екі мемлекет басшыларының кездесуі туралы хабардар етіп, авиация саласындағы ықпалдастықтың, соның ішінде Астана мен Аддис-Абеба арасындағы жолаушылар және жүк әуе қатынасының табысты дамуы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге сүбелі үлес қосатынын атап өтті.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1304901?lang=ru