Абай облысындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде Jas Tarlan таксофон карталары жүйесі енгізілді
08.10.2026 23:12:52 113
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандардың Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес туыстарымен және жақындарымен байланыс жасауына мүмкіндік беретін заманауи Jas Tarlan таксофон карталары жүйесі енгізілді.
Жаңа жүйе телефон байланысын пайдалану үдерісін едәуір жеңілдетті. Енді сотталғандардың туыстары таксофон картасының балансын қашықтан толықтыра алады, ал картаны пайдаланушылар электрондық сервис арқылы шоттағы қаражаттың қалдығын өз бетінше бақылап, жүргізілген операциялар тарихын көре алады.
Jas Tarlan таксофон картасы — қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде телефон байланысын ұйымдастыруға арналған заманауи цифрлық құрал. Сервис қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді, қолма-қол ақша беруге қажеттілікті жояды және туыстарына мекемеге жеке келмей-ақ, кез келген уақытта карта шотын толықтыруға мүмкіндік береді.
— Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Сотталғандардың әлеуметтік тұрғыдан пайдалы байланыстарын сақтауы үшін қолайлы әрі ашық жағдай жасау — қылмыстық-атқару жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Заманауи сервистерді пайдалану телефон арқылы байланыс жасау үдерісін сотталғандар үшін де, олардың туыстары үшін де барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті мекеме бастығы Айдын Калелов.
— Мен Алматы қаласының тумасымын. Үйде мені 76 жастағы анам ғана күтеді. Жасына және арақашықтықтың алыс болуына байланысты ол маған ұзақ мерзімді кездесулерге жиі келе алмайды. Сондықтан телефон арқылы байланыс жасау біз үшін өте маңызды. Енді анам менің картамның балансын қашықтан толықтыра алады. Соның арқасында біз бір-бірімізбен жиірек сөйлесуге мүмкіндік алдық. Бұл біздің отбасымыз үшін өте қолайлы, — деп бөлісті сотталған азамат.
Jas Tarlan жүйесінің енгізілуі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін цифрландыру бағытындағы кезекті қадам болды. Жаңа технология сотталғандардың жақындарымен әлеуметтік тұрғыдан пайдалы байланыстарын сақтауға қолайлы, ашық әрі заманауи жағдай жасауға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде олардың әлеуметтік бейімделуі мен қоғамға қайта кірігуінің маңызды факторларының бірі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisabai/press/news/details/1307599?lang=ru