Тазалық әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады

Тазалық әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады

29.10.2026 11:50:02 335

Бүгін Шымкентте «Таза Шым» қалалық акциясы аясында қаланың тазалығына, табиғатқа жанашырлықпен қарауға және жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға арналған кездесу өтті. Іс-шара Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Кездесуге Әл-Фараби ауданы прокуратурасының прокуроры Диана Оразымбетова, Экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов, «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті, Шымкент қаласындағы ACCESS бағдарламасының түлегі Данара Саранoва, Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Қуаныш Серікбай және 50-ге жуық жас қатысты.

Жиында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық заңнаманы сақтау және қалалық ортаның тазалығына әр адамның жауапкершілігі мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, жастар экологиялық мәдениетті күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру жолдары туралы өз ойларын ортаға салды.

Өйткені, тазалық әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады. Қоқысты жәшікке тастау, пластик бөтелкені орындықта қалдырмау, ауланы қалдықтар жиналатын орынға айналдырмау – мұның бәрі ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда, қаланың келбеті дәл осындай қарапайым әрекеттерден қалыптасады. Тазалық біреудің ғана міндеті емес, баршаға ортақ іс екенін әр адам түсінуі қажет.

Қуаныш Серікбайдың айтуынша, 2024 жылдан бері «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қалада жастарды экологиялық бастамаларға тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Тек биылдың өзінде Жастар ресурстық орталығы 80-нен астам іс-шара ұйымдастырған. Осы уақыт аралығында қатысушылар 33 тоннадан астам қоқыс жинап, арнайы орындарға шығарған. Ал, сенбіліктерге 22 мыңнан астам шымкенттік жас қатысқан. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер мен кәсіпорын қызметкерлері бар.