Агенттік делегациясының ХВҚ мен Дүниежүзілік Банктің Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуы туралы

Агенттік делегациясының ХВҚ мен Дүниежүзілік Банктің Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуы туралы

05.11.2026 02:10:18 323

2026 жылғы 13 – 16 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бастаған делегациясы Бангкок қаласында (Таиланд) Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) және Дүниежүзілік банк (ДБ) Тобының Жыл сайынғы кездесулеріне қатысты.

Қатысу бағдарламасы қаржы секторын дамыту, қаржылық тұрақтылық, макроэкономикалық даму және өңірлік ынтымақтастық мәселелеріне арналған екіжақты кездесулер мен көпжақты пікірталастар сериясын қамтыды.

Агенттік басшысы ХВҚ-ның Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетін дамытудың өңірлік орталығының (CCAMTAC) 2027-2032 жылдарға арналған қызметтің екінші бағдарламалық кезеңіне дайындыққа арналған кездесуіне қатысты. Қатысушылар жаңа техникалық көмек бағдарламасының негізгі бағыттарын, сондай-ақ білім беру жобаларын талқылады.

ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесу өтті. Тараптар Қазақстанның қаржы секторының ағымдағы жай-күйін, оны одан әрі дамыту перспективалары мен реформалау бағыттарын, қаржылық тұрақтылық пен екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Агенттік Төрағасы Банктер туралы жаңа заңды әзірлеу аясында ХВҚ-ның сындарлы ынтымақтастығы мен техникалық көмегін атап өтті.

Мәдина Әбілқасымова ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Бо Лидің қатысуымен Кавказ және Орталық Азия елдерінің министрлері мен орталық банктері басшыларының кездесуіне қатысты. Тараптар өңірлік интеграция үшін орнықты қаржы секторының маңыздылығын, банктерді реттеуді жетілдіруді және озық қадағалау практикаларын енгізуді талқылады.

ХВҚ өкілдерімен кездесулер барысында капитал нарығында және сақтандыру секторында тәуекелге бағдарланған толыққанды қадағалауды енгізу мәселесі де қаралды. Тараптар секторларды реформалауға бағытталған капитал нарығы және сақтандыру туралы жаңа заңдарды әзірлеу кезіндегі одан әрі сараптамалық өзара іс-қимылды талқылады.

ХВҚ-ға мүше елдер мен Дүниежүзілік банктің Швейцариялық тобының отырысында швейцариялық кіші топ елдерінің экономикалық дамуы қаралды. Жаңа сын-тегеуріндерге қарсы іс-қимыл шаралары, сондай-ақ ЖИ дамуы және оның осы аймақтағы экономикалық процестерге әсер ету деңгейі талқыланды.

Жыл сайынғы кездесулер аясында Агенттік Төрағасы Еуропа Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді. Қазақстанның қаржы нарығында іске асырылған ауқымды заңнамалық және реттеушілік қайта құрулардың негізгі нәтижелері талқыланды. Капитал нарығын және сақтандыру секторын дамытудың дайындалған бағдарламаларының негізгі бағыттарына, сондай-ақ аталған салаларда жоспарланған заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды.

ЕҚДБ-ның капитал нарығы мен сақтандыру нарығын реттейтін жаңа заңдар шеңберінде халықаралық стандарттар мен үздік халықаралық практикаларды енгізудегі маңызды рөлі атап өтілді.

Агенттік Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов Ұлттық Банк басшылығымен бірлесіп JP Morgan және Citibank алаңдарында бірқатар кездесулер өткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірлеген Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттары ұсынылды. Бағдарлама бизнес үшін қаржыландыру тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге, бағалы қағаздарға орнықты ішкі сұранысты қалыптастыруға, нарықтың өтімділігін арттыруға және инвесторларды қорғауды күшейтуге бағытталған.

BigTech and Ecosystems үшінші Еуразиялық дөңгелек үстелі өтті. Өңірдегі BigTech даму үрдістері, оның ішінде цифрлық экожүйелерді реттеу және олардың орнықтылығын қамтамасыз ету тәсілдері қарастырылды. Ірі банк топтарының азаматтар мен бизнестің цифрлық өнімдерге қолжетімділігін кеңейте отырып, қаржылық көрсетілетін қызметтерді, электрондық сауда мен күнделікті сервистерді біріктіретіні атап өтілді.

S&P, Fitch және Moody's рейтингтік агенттіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізілді, банк секторын дамытудың ағымдағы көрсеткіштері талқыланды және қаржы секторын реформалаудың негізгі бағыттары белгіленді.

Мәдина Әбілқасымова Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымының (IOSCO) Бас хатшысы Родриго Буэнавентурамен кездесті. Тараптар Қазақстанның капитал нарығын дамыту перспективаларын, заңнаманы жетілдіруді және реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу саласындағы одан әрі ынтымақтастықты талқылады.

Сондай-ақ Қазақстан, Түркия және Өзбекстан бойынша Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) өңірлік директоры Лиза Кестнермен, сондай-ақ Швейцария Ұлттық банкінің Төрағасы Мартин Шлегельмен келіссөздер өтті.

Агенттік делегациясының ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің дәстүрлі Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, қаржы секторындағы реформаларды ілгерілетуге және халықаралық институттар мен инвесторлардың тарапынан ұлттық қаржы жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1313714?lang=ru