Қазақстан жол диагностикасына жапондық технологияларды енгізу мүмкіндігін қарастырады

Қазақстан жол диагностикасына жапондық технологияларды енгізу мүмкіндігін қарастырады

05.11.2026 13:04:44 282

Қазақстанда автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін бағалау мен инфрақұрылым сапасын бақылаудың жаңа цифрлық тетіктерін енгізу мәселесі қарастырылуда. Осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясымен ынтымақтастық орнатып, жол диагностикасына озық технологияларды қолдану жөніндегі жұмысты бастады.
Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Mobile Mapping System (MMS) мобильді картографиялау жүйесін Қазақстанда пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу. Бұл технология жол инфрақұрылымы туралы кең көлемді кеңістіктік деректер жинап, оларды цифрлық форматта өңдеуге және талдауға мүмкіндік береді.
MMS жүйесі арқылы жолдардың техникалық сипаттамаларын, геометриялық параметрлерін және жол бойындағы инфрақұрылым нысандарының орналасуын бағалауға болады. Жиналған деректер жол жағдайын кешенді зерделеуге, ықтимал ақауларды анықтауға және инфрақұрылымның цифрлық моделін қалыптастыруға негіз болады.
Жобаның бастапқы кезеңінде жапондық мамандар Ұлттық орталыққа сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетеді. Бұл кезеңде MMS жүйесін еліміздің климаттық және жол жағдайларына бейімдеу мүмкіндіктері, оны қолдануға қажетті техникалық талаптар мен жұмыс әдістемесі қарастырылады.
Сонымен қатар халықаралық тәжірибені зерделеу, жолдарды диагностикалау, мониторинг жүргізу және цифрлық паспорттау бағытындағы озық тәсілдерді отандық тәжірибеге енгізу мәселелері талқыланады.
Заманауи цифрлық технологияларды пайдалану жол инфрақұрылымының нақты жағдайы туралы мәліметтерді жүйелеуге, деректердің дәлдігі мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жолдарды салу, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде қабылданатын техникалық шешімдердің негізділігін күшейтіп, сапаны бақылау тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Ынтымақтастық аясында жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыру, зертханалық бақылауды жетілдіру және саладағы технологиялық тәжірибе алмасу мәселелеріне де назар аударылады. Тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.
Консультациялық кезеңнің қорытындысы бойынша жапондық компания MMS жүйесін қолдануға қатысты әдістемелік және техникалық ұсыныстар қамтылған есеп әзірлейді. Бұл құжат Қазақстанда аталған технологияны енгізудің тиімділігін бағалап, оны одан әрі қолдану жөніндегі шешімдер қабылдауға негіз болмақ.
Осылайша, халықаралық ынтымақтастық отандық жол саласын цифрландыруға, диагностика мен сапа бақылау жүйесін жетілдіруге және автомобиль жолдарының жай-күйін бағалауда заманауи технологияларды қолдануға бағытталған.
“Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК баспасөз қызметі