ЖАСТАР БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ӘЗІРЛЕУГЕ ҚАТЫСЫП, ӨЗ ЖОБАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ ТИІС
05.11.2026 19:35:43 235
Жасанды интеллект адамды алмастыра ала ма? Ал, жас мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін қандай дағдыларды меңгеруі керек?Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен UNICEF Community Event – «Жастардың маңызды қатысуы. Дағдыларды дамыту» атты кездесуде осы мәселелер талқыа түсті.
ЮНИСЕФ ұйымдастырған іс-шараға студенттер, мектеп оқушылары, еріктілер және цифрлық технологиялар саласының сарапшылары қатысты. Кездесуде қатысушылар болашақ мамандықтар, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктері және Шымкент қаласының дамуына жастардың қосар үлесі туралы пікір алмасты.
Университет ректоры Қайрат Балабиев оқу орнының ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастығы және оның студенттерге беретін мүмкіндіктері туралы айтып өтті.
«ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастық университетіміз үшін үлкен маңызға ие. Ұйым жастардың қабілетін дамытуға көмектесіп, гранттар алуға мүмкіндік береді. Бүгінде университетімізде төрт мыңға жуық ерікті бар. Біз ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жұмыс істейміз. Оқу ордамызда жастар хабы құрылған. Оның арқасында студенттер шетелде өтетін халықаралық конференцияларға қатыса алады. Сонымен қатар, бірлескен жұмыс аясында аутизм және церебралды сал ауруы бар балаларға көмек көрсетіліп, оқытушыларымыз шетелдік профессорлардың қатысуымен біліктілігін арттыруда. Біз үшін ең бастысы – жастардың дамуына қолайлы жағдай жасау», – деді Қайрат Балабиев.
Университеттің ЮНИСЕФ-пен ынтымақтастығы 2025 жылдың қараша айында жаңа деңгейге көтерілді. Сол кезде оқу орнының базасында Қазақстандағы алғашқы ЮНИСЕФ жастар хабы ашылды. Содан бері Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті білім беру бағдарламалары, волонтерлік бастамалар мен жастар жобаларын дамытуға арналған алаңға айналды.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Милена Харизанованың айтуынша, Шымкенттегі хабқа мыңнан астам жас қосылған. Қазіргі таңда елімізде осындай алты алаң жұмыс істейді. Ал UNICEF Jastary ұлттық бағдарламасы шамамен 15 мың қатысушыны біріктірген. Волонтерлік бастамалар 100 мыңнан астам адамды қамтыған.
«Біздің ойымызша, жастар дайын бағдарламалардың қатысушысы ғана болмауы керек. Олар бағдарламаларды әзірлеуге қатысып, өз ұсыныстарын білдіріп, жобаларын жүзеге асырып, көшбасшылық жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет. Біз әрбір жасқа тұрғылықты өңіріне қарамастан білім алуға, қоғамға пайдасын тигізуге және өз пікірін еркін жеткізуге нақты мүмкіндік берілгенін қалаймыз. Шымкентте жүзеге асып жатқан жұмыстардың маңызы бүкіл еліміздің Оңтүстік өңірі мен Қазақстанның болашағы үшін зор», – дейді Милена Харизанова.
ЮНИСЕФ өкілі 2027 жылы Шымкент қаласының әкімдігімен және университетпен ынтымақтастықты кеңейту жоспарланып отырғанын да жеткізді. Жастар хабының басты ерекшелігі – оның қатысушылары білім беру кездесулеріне қатысумен шектелмей, іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарына да өздері атсалысады.
ЮНИСЕФ-тің Оңтүстік хабының үйлестірушісі Данара Саранованың айтуынша, бұл кездесуге 88 адам тіркелген. Олардың шамамен 55 пайызы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университеттің студенттері болса, қалған бөлігі мектеп оқушылары. Қатысушылар алдын ала берілген өтінімдер негізінде іріктелген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, өз жобаларын әзірлеуге және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді.