Эндокринологтер қант диабеті мен семіздікті емдеу тәсілдерін қайта қарауда
13.11.2026 14:17:19 448
14 қарашада Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні атап өтіледі. 2026 жылы науқан «Қант диабеті кезінде ерте әрекет ету» ұранымен өтуде. Оның мақсаты – уақтылы диагностикаға, профилактикаға және адамдардың кешенді медициналық көмекке қол жеткізуіне көбірек көңіл бөлу. Бұл мәселе әсіресе маңызды, өйткені қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамырлары аурулары бір-бірімен тығыз байланысты. Дәрігерлердің айтуынша, олармен күресті ауыр асқынулар пайда болғанға дейін әлдеқайда ерте бастау қажет.
Мәселенің ауқымы бүкіл әлемде артып келеді. БҰҰ деректері мен SOFI 2025 есебіне сәйкес, 673 млн адам аштықтан зардап шегеді. Сонымен қатар, ДДҰ деректері мен The Lancet журналында жарияланған халықаралық зерттеуге сәйкес, семіздікке шалдыққан адамдардың саны 1 миллиардтан асады. Қазақстанда ДДҰ-ның халықаралық бағалауы бойынша, ересек тұрғындардың 56%-ында артық салмақ немесе семіздік бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 2-типті қант диабетімен ауыратын 549 072 пациент динамикалық бақылауда болған. Бір жылдағы өсім 9%-ды құрады.
«Қазіргі таңда артық салмақ пен семіздік денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Барлық мамандықтағы дәрігерлер, әсіресе эндокринологтер, кардиологтер мен гинекологтер дабыл қағуда», – деп атап өтті эндокринолог-диетолог Кристина Байкадамова. «Алайда әлі күнге дейін бұл мәселе көбінесе тек эстетикалық проблема ретінде қабылданады».
Оның айтуынша, шын мәнінде, бұл – басқа да ауыр патологиялардың туындауына себеп болатын созылмалы ауру. Олардың қатарында 2-типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары жүйесі мен әйелдердің репродуктивті жүйесінің аурулары бар.
«2023 жылы Америкалық кардиология қауымдастығы бұл үдерістерді біртұтас ұғымға – кардио-реналды-метаболикалық синдромға біріктірді. Бұл жүрек, бүйрек аурулары мен метаболикалық бұзылыстардың өзара тығыз байланысын білдіреді. Мұндағы механизм тікелей: висцералды майдың шамадан тыс жиналуы созылмалы қабыну мен инсулинге төзімділікті тудырады. Соның салдарынан қандағы қант деңгейі жоғарылайды, қан қысымы көтеріледі, липидтік бейін нашарлайды. Нәтижесінде қан тамырлары, жүрек пен бүйрек зақымдана бастайды», – деп түсіндірді Кристина Байкадамова.
2-типті қант диабеті көп жағдайда семіздікпен қатар жүреді. Тұқым қуалаушылық тек ауруға бейімділікті анықтайды, ал оның дамуына дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау және сол висцералды майдың жиналуы ықпал етеді. IDF деректеріне сәйкес, жүрек-қан тамырлары аурулары қант диабетімен ауыратын адамдар арасындағы өлім-жітімнің ең жиі кездесетін себебі болып табылады. Егер метаболикалық бұзылыстар уақытында анықталмаса, қан тамырлары зақымданып, қан қысымы жоғарылайды, бүйрек пен жүйке жүйесі зардап шегеді.
«Науқастардың жартысына жуығында диагноз қойылған сәтте-ақ асқыну белгілері байқалады, дегенмен ағза алдын ала белгі береді, – деп атап өтті дәрігер. – Егер бел шеңбері бой ұзындығының жартысынан асып кетсе, бұл дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс. Мысалы, бойы 170 см адамда бел шеңбері 85 см-ден аз болуы керек».
Инсулинге төзімділік пен жасырын бұзылыстардың басқа да сыртқы және ішкі белгілеріне мыналар жатады:
- ●мойын мен қолтық терісінің қараюы, оны көбінесе қателесіп, кәдімгі пигментация деп қабылдайды;
- ●денеде көптеген папилломалардың пайда болуы;
- ●ұйқы кезінде қорылдау және тыныс алудың тоқтап қалуы;
- ●жиі зәр шығару, әсіресе түнде;
- ●тамақтан кейін ұйқышылдықтың пайда болуы және 1–2 сағаттан кейін қатты ашығу;
- ●аяқ басының ұюы, ашып-күйдіру және шаншу сезімі, балтыр бұлшықеттерінің құрысуы;
- ●дәрігердің қабылдауында қан қысымының тұрақты түрде 140/90 мм сын. бағ. немесе үй жағдайында 135/85 мм сын. бағ. деңгейінен жоғары болуы.
Акушерлік белгілердің бірі – салмағы 4 кг-нан асатын баланың дүниеге келуі немесе жүктілік кезінде қант диабетінің дамуы. Көпшілік үшін бұл – батыр бала, ал дәрігер үшін алаңдаушылық тудыратын белгі, деп атап өтті Кристина Байкадамова. Жекелеген белгілер диагнозды растауға жеткіліксіз, алайда олардың қатар байқалуы медициналық тексеруді қажет етеді.
«Ауыр метаболикалық бұзылыстардың алдын алу үшін 35 жастан асқан барлық адам ашқарынға қандағы глюкоза деңгейін және гликирленген гемоглобинді (HbA1c) тексеруі қажет. Егер талдау нәтижелері қалыпты болса, оларды 3 жылда бір рет қайталау керек, ал предиабет немесе қауіп факторлары болған жағдайда – жыл сайын. Артық салмағы бар және кемінде бір қауіп факторы (туыстарында қант диабетінің болуы, гипертония, анамнезінде ірі салмақпен баланың дүниеге келуі, аналық бездердің поликистоз синдромы) бар адамдар 35 жасқа дейін-ақ, яғни кез келген жаста тексеруден өтуі қажет», – деп кеңес береді маман.
Қауіп факторларының жиынтығымен дәрігердің бақылауымен күресу қажет. Емдеу құрамына тек тіркелген, клиникалық зерттеулерде тиімділігі, ең бастысы, қауіпсіздігі дәлелденген және тиісінше EMA мен FDA мақұлдаған ГПП-1 рецепторларының агонистері (мысалы, семаглутид) ғана енгізілуі мүмкін. Олар қандағы глюкоза деңгейі мен дене салмағын бақылауға көмектеседі.
Денсаулықты, соның ішінде дене салмағын уақтылы бақылау – әр адамның жеке жауапкершілігі. Сондықтан кейінге қалдырмай, арнайы сайттадене салмағы индексін (ДСИ) өзіңіз есептеп, оның қай көрсеткіштері қалыпты, қайсысы артық салмақты білдіретінін және қай кезде семіздік деп саналатынын біле аласыз.