Шымкентте бауырлас венгр халқының қолөнері таныстырылды

Шымкентте бауырлас венгр халқының қолөнері таныстырылды

17.11.2026 15:13:45 296

 

Пушкин атындағы кітапханада «Венгрияның матьо халқының ұлттық киімдері» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға арнайы Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Сабольч Карой Секе келді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген венгр дипломаты бұл мәдени іс-шараның венгр және қазақ халықтарының өзара мәдени байланысын нығайтып, рухани құндылықтарын байытудағы маңызына тоқталды.

Айта кетейік, венгр халқы бірнеше этнографиялық топқа бөлінеді. Солардың бірі – Раба мен Дунай өзендерінің аралығын мекендеген қыпшақтар немесе құмандар (кундар). Олар – моңғол-татар шапқыншылығы кезінде тарихи қоныстарынан ығысып, Көтөн ханның бастауымен Венгрияға қоныс аударған ежелгі қыпшақтардың ұрпақтары. Тарихи деректерде сол кезеңде 40 мың қыпшақ отбасының Венгрияға көшкені айтылады.

Венгрияның Куншаг аймағында қоныстанған қыпшақтар XVIII ғасырдың соңына дейін өздерінің автономиясын және тілін сақтап келген. Кейін жергілікті халықпен ассимиляцияға ұшыраған. Бүгінде Венгрияда қыпшақ текті жүз мыңға жуық адам бар деген дерек кездеседі. Олар өздерінің тарихи тамыры мен байырғы атақонысымен байланысын сезінеді.

Көрмеге матьо мәдениетінің үлгісінде жасалған тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық киімдер қойылған. Матьо өнері – Венгрияның Мезёкёвешд қаласы мен оның маңын мекендейтін этнографиялық топқа тән өзіндік халықтық өнер бағыты. Аталған қала Будапешттен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 130 шақырым жерде орналасқан.

Матьо нақышындағы кестелеу өнері XIX ғасырдың ортасында қалыптаса бастаған. Алғашында шебер әйелдер төсек-орын жабдықтарының шеттерін қызыл және көк жіптермен безендірген. Кейін бұл өрнектер жас жігіттердің жейделерінің кең жеңдеріне де түсіріле бастаған. Уақыт өте келе кесте үлгілеріне сары және жасыл түстер қосылған.
Матьо кестелеу өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.