ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚУАТЫН АРТТЫРУ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТ
20.11.2026 14:04:58 411.png)
Электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету – елдің экономикалық дербестігі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Қазіргі технологиялық даму кезеңінде энергетикалық қуатқа деген сұраныс артып, бұл сала мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының біріне айналып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында энергетика саласындағы қордаланған мәселелерге тоқталып, электр энергиясын өндіру көлемін арттыру және жаңа генерация көздерін іске қосу қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан жыл сайын электр энергиясының тапшылығына тап болып, қыс мезгілінде көрші елдерден қымбат бағамен электр қуатын сатып алуға мәжбүр. Ал жаз айларында артық энергияны төмен бағамен экспорттайды. Бұл жағдайды өзгертіп, елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету маңызды.
Осыған байланысты Президент 2029 жылға қарай Қазақстан электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жетуі керектігін стратегиялық міндет ретінде белгіледі.
Бұл үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы энергетикалық нысандар мен электр желілерін жаңғырту, таза көмір генерациясын дамыту және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану қажет. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімді қайта қарау тапсырылды.
Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атом энергетикасының да маңызы зор. Президент Балқаш АЭС-інің құрылысын келесі жылы бастаудың қажеттігін атап өтіп, Мойынқұм АЭС жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықты жеделдетуді ұсынды. Сондай-ақ атом электр станцияларына қажетті уранның ұзақ мерзімді стратегиялық қорын қалыптастыру және отандық жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мәселесіне назар аударды.
Электр энергиясын өндіру көлемін арттыру – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және цифрлық экономиканың дамуына негіз болатын маңызды қадам. Бұл ретте энергетикалық әлеуетті нығайту Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығы мен технологиялық өрлеуінің басты шарттарының бірі болып қала береді.