БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: ТОҚАЕВ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ САРАПТАМА ТОБЫНЫҢ ҚҰРАМЫН БЕКІТТІ
23.11.2026 13:10:30 360
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы» туралы өкімге қол қойды. Жаңа консультативтік-кеңесші орган елдің ұзақмерзімді даму басымдықтарын айқындау, стратегиялық бастамаларды сараптамалық тұрғыдан пысықтау және болашаққа бағдарланған тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылды.
Сараптама тобының негізгі міндеттері – Қазақстанның даму бағыттарына қатысты тұжырымдамалық тәсілдерді анықтау және сараптамалық тұрғыдан әзірлеу, сондай-ақ талдамалық, әлеуметтік және форсайт зерттеулерінің нәтижелерін талқылау. Топтың жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты белгіленді. Сараптама тобының отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіледі.
Мұндай құрылымның құрылуы елдің даму бағдарын ұзақмерзімді жоспарлау қажеттілігімен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басуына орай ұлттық жоспарлар мен стратегияларды қайта зерделеп, ел болашағына қатысты нақты әрі ұзақмерзімді көзқарас қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын.
Президенттің пайымдауынша, мемлекет алдағы уақытта қандай нәтижелерге қол жеткізуі керектігін алдын ала айқындап, тәуелсіздіктің келесі маңызды белестеріне қандай жетістіктермен жететінін нақты түсінуі қажет. Бұл үшін қол жеткізілген нәтижелерге объективті баға беріп, алдағы кезеңнің басымдықтарын белгілеу, егемендікті нығайтуға, экономиканы дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттерді жүйелі түрде жоспарлау маңызды.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, депутаттар, сарапшылар мен ғылыми орталықтардың қатысуымен бір жыл ішінде ел дамуының ұзақмерзімді басымдықтарын айқындайтын құжат әзірлеуді тапсырды. Сараптама тобы осы міндетті іске асыру аясында стратегиялық мәселелерді жан-жақты талқылап, болашақ даму бағдарларын сараптамалық тұрғыдан пысықтауға атсалысады.
Сараптама тобының құрамына мемлекеттік басқару өкілдерімен қатар, заң шығарушы орган депутаттары, ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, бизнес өкілдері және тәуелсіз сарапшылар енгізілді. Бұл ұзақмерзімді даму басымдықтарын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдардың ұстанымымен қатар, қоғамның сұранысы мен түрлі салалардағы кәсіби тәжірибені ескеруге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, депутаттық корпустың атынан Д.Закиева, Б.Нұрмұхамедов, А.Сарым және басқа да өкілдер жұмысқа қатысады. Ал Қазақстан Халық Кеңесінің атынан Р.Кенжеханұлы, Е.Мұхамеджанов, А.Садвокасова және Ж.Искакова сараптама тобының құрамына енді. Олардың қатысуы мәдениет, телекоммуникация, экология, жастар саясаты және қоғамдық даму мәселелерін стратегиялық жоспарлау аясында қарастыруға жол ашады.
Сонымен қатар топ құрамына Г.Илеуова, Г.Әбішев, Д.Шүкіжанова, Е.Досымбеков секілді ғылыми және сарапшылық орта өкілдері, сондай-ақ түрлі бағыттағы тәжірибелі мамандар тартылды. Олардың қатарында «Higgsfield AI» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Е.Дулат, Кавказ және Орталық Азия елдеріндегі «Ernst & Young» компаниясының басқарушы серіктесі Е.Досымбеков, «Desht» талдау орталығының жетекшісі К.Жайықов бар.
Әртүрлі сала мамандарының қатысуы ұсыныстардың жан-жақты талданып, ғылыми негізделуіне және практикалық тұрғыдан қолдануға жарамды болуына ықпал етеді. Бұған қоса, Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі өкілдерінің қатысуы стратегиялық құжатты әзірлеу барысында қоғамдық мүдделер мен азаматтардың сұранысын ескеруге негіз қалайды.
Жалпы, сараптама тобын қалыптастыру – Қазақстанның даму басымдықтарын қысқа мерзімді міндеттермен шектемей, ұзақмерзімді ұлттық мүдделер тұрғысынан айқындауға бағытталған жұмыс. Бұл ретте стратегиялық жоспарлау елдің егемендігін нығайту, экономикалық әлеуетін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және халықтың әл-ауқатын жақсарту міндеттерімен ұштасады.
Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі даму бағытын алдын ала айқындау мемлекеттік шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етіп, бүгінгі реформаларды болашақ ұлттық мақсаттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Осылайша, ел дамуының ұзақмерзімді бағдарын қалыптастыру жүйелі стратегиялық жоспарлаудың маңызды тетігіне айналмақ.