ӘКЕ ҮМІТІ АҚТАЛҒАН КЕШ
24.11.2026 23:35:44 227
Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында ұлттық өнерді ұлықтап, руханияттың өрісін кеңейтуге бағытталған мәдени іс-шаралар жалғасын табуда. Осындай тағылымды кештердің бірі Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында өтті. Мұнда айтыскер ақын, сазгер, Мәдениет саласының үздігі Нұрлан Есенқұловтың «Әке үміті» атты мерейтойлық шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Өнер иесінің қырық жасқа толуына арналған басқосуда ақынның айтыстағы айшықты жолы, сазгерлік қыры мен жүрекке жеткен жырлары кеңінен насихатталып, көрерменге мазмұнды музыкалық әрі әдеби бағдарлама ұсынылды.
Тәуелсіздік жылдарында қазақтың төл өнері жаңғырып, айтыс сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған талантты ақындардың бірі – Нұрлан Есенқұлов. Суырыпсалма ақындық пен сазгерлікті қатар алып жүрген өнер иесі республикалық және халықаралық айтыс додаларында топ жарып, әсіресе қыз бен жігіт айтысының шебері ретінде танылды. Оның шығармашылығында туған жерге тағзым, ата-анаға құрмет, адамгершілік, махаббат пен елдік мұрат тақырыптары айрықша орын алады. Сонымен қатар, жастармен кездесулер өткізіп, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеуге де үлес қосып келеді.
Мерейтойлық кештің шымылдығы ақынның арнауымен ашылды. Сахна төріне көтерілген өнер иесі көрерменге жүрегінен шыққан бірқатар туындысын ұсынды. Атап айтқанда, сөзі мен әнін өзі жазған «Қайтесің?», «Әке», «Анама», «Арыстың теміржолы» әндерін орындады. Сондай-ақ, Қанат Тасқанмен бірге «Жар іздеп жүрмін» әнін шырқап, кештің мазмұнын әрлендіре түсті. Әсіресе, әке мен анаға арналған әндер көрермен көңіліне ерекше әсер қалдырды. Өйткені, бұл туындыларда өнер иесінің жеке толғанысы ғана емес, әрбір адамға ортақ сағыныш пен перзенттік парыздың үні бар.
Кеш барысында ақынның қаламынан туған әндерді эстрада әншілері де орындады. Заттыбек Көпбосынов «Қайда жүр?», Наркенже Серікбаева «Ақ келін», Әділет Жауғашар «40 жас», Бекзат Сәкенұлы «Айнұрым», Айнұр Әбілда «Ақжүрек жаннан айналдым», Ғабит Шырынбеков «Сырға» әндерін көрерменге тарту етті. Сонымен қатар, айтыскер ақындар Карима Оралова, Анар Жаппарқұл, Нұрмұхан Жақыпбек пен Мейіржан Жақып әсем әндерімен кештің көркін қыздырды. Осылайша, бір автордың шығармалары әртүрлі орындаушылардың интерпретациясында жаңаша үндестік тауып, оның сазгерлік қырының да өзіндік орны бар екенін көрсетті.
Өнер кешінің тағы бір ерекшелігі – айтыс өнеріне арнайы орын берілуі. Сахна төріне айтыскер ақындар Жұлдыз Қожабекова, Мөлдір Айтбаева және Алтынгүл Қасымбекова көтеріліп, мерейтой иесімен әзіл мен жарасымды қағытпаға құрылған айтыс өткізді. Сөз сайысында суырыпсалмалықтың ұшқырлығы мен тапқырлықтың озық үлгісі көрініс тапты. Ал, Жастар театрының актерлері ақын поэзиясынан сахналық композиция ұсынып, оның өлеңдеріндегі ой мен сезімді, көркемдік ерекшелікті көрерменге өзгеше тәсілмен жеткізді.
Мерейтой иесіне ақжарма тілегін білдіру үшін арнайы Астанадан Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай қатысып, сахна төрінде сөз сөйлеп, айтыс өнерінің қазақ руханиятындағы айрықша орнын атап өтті. Сондай-ақ, ол ақынды қырық жасымен құттықтап, оның ұлттық өнердің өркендеуіне қосып жүрген үлесіне жоғары баға берді.
– Қазақтың өнерімен біте қайнасып, бірге мұңын шертіп, бірге қуанып, ұлттың ұлы жүрегін дүрсілдетіп келе жатқан қасиетті өнеріміз – айтыс өнері. Осы айтыс өнерінің тәуелсіздіктің тарлан жылдарында туын көтеріп, көшін бастаған талантты өкілдерінің бірі – менің туған інім Нұрлан. Ол – қазақтың төл өнерінің бүкіл қасиетін бойына сіңірген ақын. Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар ғой. Сол сегіз қырлы, бір сырлы азамат кім десе, мен Нұрланды көрсетер едім. Өнері асқан, сәні мен сазы жарасқан еліміздің ерке перзенті бүгін сіздердің алдарыңызда халыққа есеп беруге шығып тұр. Ендеше, мерейтойың құтты болсын! Еліңнің ыстық ықыласына бөленіп жүре бер, – деді Аманжол Әлтай.
Ақжарма тілегін жеткізген ол мерейтой иесіне шапан жауып, алдағы шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Кеш иесі де сахна төрінде жүрекжарды лебізін білдіріп, бүгінгі жетістігінің бастауында әкесінің үміті мен ақ батасы жатқанын ерекше ықыласпен жеткізді. Ақынның айтуынша, оның өнер жолындағы алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар берген, бойына тәлім-тәрбие сіңірген ең жақын жанның бірі – әкесі. Сондықтан бұл мерейтойды ол жеке басының қуанышы ғана емес, әке сенімі мен отбасының қолдауына деген алғысын білдіретін ерекше сәт деп қабылдайды.
– Осы күнге жеткізген әуелі Алла. Одан кейінгі еңбек пен төгілген тер – әкемдікі. Бұл – әкемнің маған артқан үміті, бала күннен бойыма сіңірген тәрбиесі мен берген бағытының жемісі. Бүгінгі жетістігіме қарап, сол кісінің үкілеген үмітін ақтай алдым ба деп ойланамын. Сондықтан бұл кешті тек өзімнің мерейтойым деп қабылдамаймын. Мұны маған сенім артқан әкеме, тілеулес болған отбасыма, өнер жолында қолдау көрсеткен ұстаздарыма және әрдайым қошеметін аямаған халқыма арналған алғыс кеші деп білемін, – деді ақын.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы тұсында ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, кейінгі буынға рухани мұра қалдырудың маңызы арта түсетіні анық. Осы тұрғыдан алғанда, Нұрлан Есенқұловтың шығармашылық жолы – төл өнерге адалдықтың, ізденіс пен еңбектің үлгісі. Айтыс арқылы елдің сөзін сөйлеп, ән арқылы жүрекке жол тапқан өнер иесінің кеші де осы құндылықтарды дәріптеуімен ерекшеленді.
Осылайша, «Әке үміті» атты мерейтойлық кеш өнер иесінің шығармашылық есебіне ғана емес, әке аманатына адалдықты, отбасы құндылығын және ұлттық өнерге деген құрметті ұлықтаған рухани жүздесуге айналды. Әке сенімінен басталған өнер жолының халық ықыласымен жалғасуы кештің негізгі өзегіне айналды. Ал, ән мен жыр, әзіл мен айтыс бір сахнада тоғысып, Нұрлан Есенқұлов шығармашылығының сан қырлы болмысын танытты.