«Халықтық құрылыс» – ел экономикасын дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба
26.11.2026 10:08:34 486
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға бағытталған маңызды бастама болмақ. Бұл жоба еліміздің инфрақұрылымдық әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында жүз мыңдаған азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Оның игілігін бүкіл халық, әсіресе, өскелең ұрпақ көретін болады.
Сонымен қатар еліміздің көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше басымдық беріледі. Бұл бағыт Қазақстанның экономикалық өсіміне, халықаралық сауда байланыстарын кеңейтуге және транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі саналады. Заманауи логистикалық жүйе елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, тауар тасымалының тиімділігін арттыруға жол ашады.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Бақты – Аягөз» теміржол желісі. Жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Бұл Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі рөлін күшейтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді.
Сондай-ақ тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Аталған жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде көлік қатынасын жетілдіріп, логистикалық қызметтердің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Үкімет инфрақұрылымдық және логистикалық бағытта қолға алынған жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстайды. Аталған бастамалар елдің экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.