Балқаштың туристік әлеуетін арттыру: Жетісудың Лепсі ауылында аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа вокзал бой көтеруде

Балқаштың туристік әлеуетін арттыру: Жетісудың Лепсі ауылында аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа вокзал бой көтеруде

27.11.2026 12:20:57 261

Жетісу облысында Балқаш көлінің туристік әлеуетін арттыру аясында қажетті әлеуметтік нысандармен қамтуға ерекше көңіл бөлінген. Мәселен, Лепсі ауылында ауылдық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енуде. Сол сияқты темір жол вокзалы жаңадан салынып жатыр. Аталған нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысын облыс әкімі Бейбіт Исабаев көріп қайтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы алдымен вокзалдың құрылыс алаңында болды. «Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ға қарасты бұл нысанның қазіргі дайындық деңгейі – шамамен 90%. Жаңадан салынып жатқан бір қабатты ғимараттың жалпы алаңы – 620 ш.м. Қазір шатырын жабу, ішкі қабырғаларын әрлеу жұмыстары және абаттандыруы жүргізілуде. Құрылыс алаңында 30-ға тарта адам жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін вокзал шағын ескі ғимаратта отырған.

Бейбіт Исабаев облыста құрылысы жүргізілген 9 вокзалдың 8-інің күрделі жөндеуі аяқталғанын, бұл солардың соңғысы екенін атап өтіп, жылдың соңына дейін жаңа құрылысты толыққанды аяқтау қажеттігін айтты.

Мұнан кейін облыс басшысы ауылдық аурухананың күрделі жөндеуімен танысып, ішін аралап көрді.

Жалпы, 1976 жылы салынған Лепсі ауруханасының ғимаратына соңғы рет 2010 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Балқаш жағалауын дамыту аясында бұл ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданған болатын. Бүгінгі күні нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір ішінде сырлалып, жуып-тазалануда.

Облыс әкіміне аурухана жұмысының жай-жапсарын Сарқан аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алтай Шылғаубаев айтып берді. Оның айтуынша, ауруханада жалпы тәжірибелік 4 дәрігер, 2 стоматолог дәрігер бар. Жазғы шомылу маусымы кезінде аудандық ауруханадан хирург, травмотолог, гинеколог мамандар мұнда тұрақты түрде іссапарға жіберіледі.

- Ауыл халқымен қатар денсаулық жағдайына байланысты жүгінетін туристердің де бұл ауруханадан сапалы медициналық көмек алуына барлық жағдай жасалуы керек. Соның ішінде ең қарапайым операцияларды жасайтын мамандармен және материалдық базалық мүмкіндіктермен толыққанды қамтылуы да маңызды, - деді Б.Исабаев.

Атап өтсек, 30 төсектік стационары, 75 адам қабылдайтын емханасы бар бұл аурухана Лепсі маңында тұратын 4,5 мың халыққа, оған қоса көлге келетін туристерге медициналық қызмет көрсетеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев