Қостанайда қоғамдық көлікті жаңарту жалғасуда

Қостанайда қоғамдық көлікті жаңарту жалғасуда

10.02.2025 02:37:45 1012

Қоғамдық көлік паркін жаңарту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру – жайлы қалалық орта қалыптастырудағы маңызды міндеттердің бірі. Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге жеткізілген жаңа автобустарды қарап шықты.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы 289 автобустың 85-і 7 жылдан астам уақыт пайдаланылуда. Автопаркті жаңарту мақсатында соңғы жылдары лизингке 113 жаңа автобус сатып алынды, ал өткен жылы қолма-қол төлем арқылы тағы 4 бірлік (2 Yutong автобусы және 2 екі қабатты автобус) алынды.
Қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары жалғасуда. Биыл 28 жаңа автобусты сатып алу бойынша келісімшарттар жасалып, төлем жүргізілді. Оның 15-і бүгін жеткізіліп, таныстырылды. Тағы 10 автобус 14 ақпанда келеді, ал қалған 3-уі биылғы маусым айында пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, биыл толық субсидиялау арқылы тағы 18 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялау үшін бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді.
Айта кету керек, автопаркті жаңарту кезінде тұрғындардың ұсыныстары ескерілді – үлкен сыйымдылықтағы автобустар сатып алынды. Бұл қозғалыс аралығын қысқартып, жолаушылар үшін сапарларды ыңғайлы етеді.
Осы шаралардың нәтижесінде пайдалануға берілгеніне 7 жылдан аспаған автобустардың үлесі 14%-ға өсіп, 71%-ды құрайды. Бұл Қостанай мен қала маңындағы жолаушылар тасымалының сапасын айтарлықтай жақсартады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/933032